Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
11
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

“Жамалиев, біліп жүр!”. Ойнас деген тоқал емес

973

Ешкімге білдірмей шеттен қатынасып жүру қазақта «ашыналық» немесе «ойнас» деп аталады. Бұл түсінік бұрыннан бар. Ойнас ешқашан тоқал болып есептелмейді. Себебі бұл қоғамның шырқын бұзу деген сөз.

Сонымен тоқал деген кім, оның қоғамдағы орны қандай болған?Қазақта бәйбіше аталатын бірінші әйелден кейін заңды түрде алынатын әйелді тоқал деп атайды. Және де әйел үстіне айттырылатын қыздардың қалыңмалы да әдеттегіден көп жоғары болатын.

Жас тоқалмен күйеуінің жас алшақтығы көбінесе осындай некелерде кездесіп отырған. Сонымен бәйбішеден кейінгі заңды түрде алынған әйелдердің бәрі тоқал делінеді.

Бірнеше тоқалдар үлкен тоқал, кіші тоқал деп, немесе олардың әрқайсысына ерекше қасиетіне, түр-түсіне, пішініне байланысты бөлек ат қойылған. Мысалы, ақтоқал, қаратоқал, әнші тоқал, кербез тоқал дегендей.

Бәсекелестік қайдан шығады? 

Әйел бірнешеу болып күйеу біреу болғандықтан әйелдер арасында бәсекелестік болмай тұрмайды. Сондықтан оларды «күндес» деп атаған. Әлі күнге дейін бұл сөз мағынасы жақсы емес екенін қазақтың бәрі біледі. «Күндестік күлі де күндес» деген сөздің шығуы да тоқал алуға берілген баға. Сондықтан да тоқал алуға көбінесе әйелдерінің бәрін бөлек ауыл етуге жағдайы жеткіліктілер ғана бара алған.

Дегенмен дәулеттілердің бәрі тоқал алуға құмар болған деу жаңсақ пікір. Тоқал алудың да себептері әртүрлі болатын. Ең басты себеп алғашқы жұбайынан бала көрмеген кезде тоқал алу. Тарихта бұндай жағдайлар белгілі.

Қаныш Сәтбаев тоқалдан туған…

Имантай би жұбайы Нұрыммен жиырма бес жылдан аса отасады. Бірақ бала сүйе алмайды. Туған бауыры Жәміннің бір баласын бауырына басады. Осылай «майкөт» деп ырыммен бала алған соң әйелдердің жаны жібіп бала көтереді деген сенім болған. Бұл салт бекер пайда болмаған, осылай еткен соң бала көтергендер де аз болмағаны белгілі.

Бірақ қырық жеті жасқа келген Имантай шаңырағында жаңа туған сәбидің дауысы естілмеді. Сонда ауылдың үлкендері жиналып кеңес құрады. Бұл жиынға Нұрымды да шақырып тоқал алу мәселесін айтады. Нұрым бұл шешіммен келіседі. Бірақ “күйеуіме тоқалды өзім таңдауыма рұқсат беріңіздер”, дейді.

Нұрым Тасболатқызы таңдауы сұлтан Мұса Шорманұлының немере інісі Қанафияның жесірі, әдемі де қайырымды Әлима болды. Әлима бір жылдан соң Ғазиза есімді қыз туады. Содан екі жылдан соң дүниеге келген балаға Ғабұлғазиз деген есім беріледі. Кейін бұл есімді баласын еркелеткен Әлима Қаныш деп өзгертіп алады. Қаныш Имантайұлы Сәтбай елге белгілі академик ғалым…

Құнанбай Ұлжанды аламын деп алған жоқ

Тоқал алуды жақтайтындар тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей: «Абай да тоқалдан туған» дегенді жиі қайталайды. Солай дей тұра Абайдың әкесі Құнанбайдың бәйбішенің баласы екенін еске алғысы келмейді. Және де кемеңгер Абайға байланысты жағдайды бұлай әзілге айналдыру ешкімге жараспайтынын ұғу керек. Құнанбайдың Ұлжанға үйленуінің артында үлкен адами трагедия, қайғы жатыр. Құнанбай Ұлжанды аламын деп алған жоқ. Құттымұхаммет деген інісі жастай қайтыс болып, соның әйелі Ұлжанды сол кездің әмеңгерлік заңы бойынша алған.

Тоқалдан туғандардың бәрі ұлы болады дегісі келетіндер білместік танытып өздерінің білімсіздігін әшкере етеді. Мысалы ғалым Шоқан Уәлихан, ақын Майлықожа, суретші Әбілхан Қастейұлы тағы басқалар тоқалдан тумағанын көпшілік біледі.
Иә «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деп дана халық бекер айтпаған ғой. Турасында тоқал алудың ар жағында нәпсіқұмарлықтың тұрғаны да шындық. 17 ғасырда билік құрған Нұралы ханның бәйбішесінен басқа 15-заңды тоқалы мен оған қоса 13 көңілдесі болғаны ғылыми әдебиетте жазылған. Бірақ жұрттың бәрі хан емес қой?!

«Қалың малды бай төлейді, қызығын біз көреміз»

Қазақ қоғамында әсіресе кедейлер арасында бір әйел алудың өзі қиынның қиыны болған. Қалың мал төлеуге жағдайы болмай, өмір бойы шаңырақ көтере алмай баласыз өткендер қаншама!

Ал дүниесі бар кейбіреулер жасы келсе де байлығын мақтан етіп тоқал алатын болған. Бұл олардың қоғамдағы беделін көрсету үшін жасаған әрекеттері екені де шындық. Бірақ ешқандай байлық адамға жастығын, табиғи мүмкіншілігін қайтара алмайды. Бұндай қадамдардың кейін неге апаратыны да белгілі. «Қалың малды бай төлейді, қызығын біз көреміз» деген сөздің шығуы да сондықтан.

Сұлу тоқал байына ыстық

Бәйбіше мен тоқалдың балалары да өте жақын болуы некен-саяқ кездесіп отырған. Бұндай алшақтық бала кезден басталады. Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» романының «Жолда» атты тарауында Абайдың туған інісі Оспан мен тоқал анасы Айғыздан туған інісі Смағұл ұрсып қалады да Смағұл Ұлжанға тіл тигізеді: «Абай өз анасы үшін күйіп кетіп:

– Өй, ақымақ!.. Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім үйретті, доңыз – деп, кеп Смағұлды жақтан тартып-тартып кеп жіберді. Осы бәлені шығарғаны үшін Оспанды да аямай ұрды…. Айғыз үлкен үйдің есігін сарт еткізіп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:

– Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә дейім!.. – деп, Абайға қатты төніп жетіп келді… Айғыз кәрі шешеден жасқанып, кейін серпіле берді де: – Тоқал демексің, мүйіздемексің ғой бірігіп ап… Көрермін… келсін ертең, – деді. Ескерткені Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы».

Қазақта «Өмір ойыншық емес» деген сөз бар. Шынында да өмірдің қым-қиғаш қалтарыстары жетерлік. Кейін бәйбіше мен тоқалдан туған балалар әкесінің мал-мүлкіне таласып, дауласып, бірін бірі көрместей болып кететін жағдайлар да аз болмаған.

Бүгінгі таңда арзан сөзге ерушілік көп белең алуда. Бұл тақырып аясында әңгіме қозғаушылар көбінесе тоқал мен ойнастың айырмасын ажырата білмеуі олардың бұл мәселенің байыбына дұрыстап бара алмайтынын көрсетеді. Арзан әңгімеге үйір болған қоғам алысқа бармайтынын ұмытпау керек.

Бердалы Оспан, мәдениеттанушы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз