Иә, «Құлағымның жартысынан айырылғаным жөн болыпты, телефонмен сөйлесу оңай екен», дейтін де адам бар!
1949 жылдың 22-ші ақпанында Венада Андреас Николаус Лауда есімді бір адам дүниеге келген.
Лауда тарихта жарыс жолындағы ең қорқынышты апаттан аман қалғаны аздай, бет-әлпеті быт-шыт болса да, түк болмағандай жарысқа қайта оралған спортшы ретінде қалды.
1976-шы жылы Германиядағы Гран-приде Лауданың мәшинесі трасса жиегіне қатты соғылды, сол сәтте оған артында асқан жылдамдықпен зымырап келе жатқан бір болид қоса соғылды. Екі мәшине де өртенді, Лауда мыжылған темір-терсек пен лаулаған оттың ортасында қалды.
Басын оңбай күйік шалған шабандоз комаға түсті. Жұрт оны өлдіге жорып тастаған. Бірақ Лауда тірі қалып, алты аптадан кейін жарысқа қайта шыққан.
Сол апаттан кейін түрінен түр қалмады. Қызыл кепка киіп жүруге мәжбүр болды (сол кезден бастап автожарыс әлемінде қызыл кепка сәнге айналып кетті). Лауда көзінің қабағын қалпына келтіру үшін бір ақ рет пластикалық ота жасатты. Бетінің қалған жерін жөндетпеді, түрде тұрған ештеңе жоқ деп, қолын сілтей салды.
Лауданың мінезі қызық болған деседі. 1982 жылы McLaren командасымен келісімшарт жасасқанда жылына 5 миллион доллар жалақы сұрапты: «пилот болғаным үшін 1 доллар аламын, қалған ақшаны Ники Лауда деген атым мен атағым үшін аламын» депті.
Ники өзінің кубоктарын, алтын медальдарын «керексіз» дүние санапты. Бәрін жиып алып, көрші гараждың қожайынына ұстата салыпты: көлігімді тегін жуып беріп тұрсаң болды, депті.
Өзі ұшыраған апат туралы да бас қатырып ойланбаған екен.
«Әй, осы құлағымның жартысынан айырылғаным жақсы болды, телефонмен сөйлескен ыңғайлы екен», деп қойып қалғаны бар.