Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Жаңбыр жауса, көшелері көл болатын Астана ЭКСПО-ны қалай қабылдамақ?

254

Жуырда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен Астананы дамыту және ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте президент Әділбек Жақсыбеков пен оның орынбасары Қосман Айтмұхаметовке жауыннан кейін туындайтын мәселе туралы айтқан болатын.
Мемлекет басшысының айтуынша бұл кәріз жүйесінің дұрыс жасалмағандығынан болып отыр. Жиында Елбасы аталған фактілерді растайтын бейнежазбаны экраннан көрсетіп, елордалық шенеуніктерді әбден састырған-ды.

Бір қызығы, астаналық атқамінерлер қалада мұндай мәселенің бар екенін бейхабар болып шықты. Әйтсе де Елбасы олқылықтарды көзге шұқып көрсеткеннен кейін барып, Айтмұхаметов айыбын мойындап –

«Алдағы 3 жылда қаланың бірде-бір көшесін су алмайды»,

деп президентке уәде берді.

Сонда, алдағы үш жылда нөсер жауын жауғаннан кейін көшелер көлшікке айнала бермек пе? Ал біржылдан кейін өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесін қалай өткізбекпіз?

Алайда құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген Марат Иембергенұлы бұл мәселені 3 жылда емес, 1-2 жылда шешіп тастауға болатынын айтады.

– Байқасаңыздар, Астанада өзге қалалардағыдай арық жоқ. Сондықтан да көше әп-сәтте көлшікке айналады.

Негізі әлемнің ең ірі қалаларында арық болмайды – өркениетті елдерге бой түзеген Астана да арық салмай отыр.

Бұл дұрыс та шығар. Алайда жауған жаңбырдың суын лезде сорып алуға насостың шамасы жетпейді. Сондықтан да жолдың ортасына немесе жиегіне тереңдігі 7-8 метрлік құдық қазып, оның ішіне су келіп құйылатындай жағдай жасау керек. Әр 400-500 метр сайын осындай құдық қойылса, жаңбыр суы көшеде көл болмай, құдыққа құйылар еді. Бұл шаруаны жүзеге асыруға 3 жыл емес, ары кетсе 1-2 жыл кетер еді. Өйткені көше бойы 7-8 метрлік құдық қазып шығу қиын шаруа емес, – дейді Марат Иембергенұлы.

Қарапайым құрылысшының айтып отырған ұсынысы кейбіреулерге қарабайыр болып көрінуі мүмкін, алайда осы арқылы бір оқпен екі қоянды атып алуға болады. Мәселен, егер Марат Иембергенұлының ұсынысы жүзеге асатын болса, ең бірінші қала көшелері көлшік судан құтылар еді. Сондай-ақ құдыққа құйылған суды кәдеге асырып, пайдалануға мүмкіндік пайда болады.

– Қазіргі таңда су тапшылығы әлемдік мәселеге айналып отыр. Ал біздің елде әзірге су тапшылығы байқалмайды. Бірақ солай екен деп суды ысырап ете беруге тағы болмайды. Мәселен, Астана жолдарын тазалап, егілген гүлдерді суғару үшін бір күнде бірнеше тонна су пайдаланады. Егер мен айтқандай,

құдық қазылып, оған жаңбыр суы құйылатын болса, кейін сол жиналған суды пайдалануға болады емес пе?!

Нақтырақ айтсам, құдықтағы сумен қала көшелерін тазалап, тіпті гүлдерді суғаруға болады. Жалпы құдықтағы жаңбыр суын тағыда басқа көптеген шаруаларға пайдалануға болады. Ол үшін бұл мәселені әбден жүйлеп алу керек, – дейді ол.

Келер жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Міне сол кезде нөсер жауын құйып жауса, шет елдік қонақтар қайықпен жүруі мүмкін. Міне, осындай масқара бола қалса, Әділбек Жақсыбеков ел-жұрттың бетіне қалай қарайды екен? Өйткені аптап ыстықтан кейін Елорда да міндетті түрде нөсер жауын жауады. Әлде, Айтмұхаметов Қожанасыр атамыздай, „3 жылда не хан өледі, не есек сөйлейдінің„ керін келтіріп отыр ма?!

https://www.youtube.com/watch?v=COLHwvZhoz4

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз