CIVICUS халықаралық ұйымының зерттеуінде Қазақстан бейбіт жиын құқығы мен пікір еркіндігін шектейтін, қоғамдық бірлестіктер еркіндігіне “тосқауыл” қойылатын елдер санатына жатқызылды.
Үкіметтердің азаматтық қоғамға қысым жасауын зерттейтін CIVICUS халықаралық ұйымы Қазақстанды азаматтық қоғамның жұмысына “кедергі келтіретін” елдер қатарына қосты. Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы көршілері — Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікістан және Түркіменстан — CIVICUS рейтингіне енген жоқ.
Жергілікті адам құқығын қорғаушылар мен белсенділер қазақ билігін азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысын сынап жүр. Қазақстан билігі болса адам құқығы мен еркіндігіне қатсты заңдарын халықаралық талапқа сай реттеп жатқанын мәлімдеп отыр. Конституцияға сәйкес, Қазақстан өзін азаматтардың құқықтары мен бостандығы ең жоғарғы құндылық ретінде санайтын “демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет” деп көрсетеді.
CIVICUS мәліметі бойынша, әлемде үш миллиардтан астам адам сөз бостандығы мен пікір еркіндігі бұзылатын мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Зерттеуге енгізілген 104 елдің 16-сында азаматтық қоғам үрей мен зорлық-зомбылық құрсауында өмір сүруге мәжбүр. 26 елде азаматтық қоғамның аясы тар. Бар болғаны тоғыз елде ғана азаматтық қоғам ашық әрі еркін жұмыс істейді.