“Нұр Отанның” Алматы қаласындағы филиалының іргесінде Коррупцияға қарсы қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Осы ұйым қалалық тілдерді дамыту басқармасының жұмысынан шикілік тауыпты.
Бұдан бұрын ұйым мүшелерінің алдында Дін істері және Тілдер дамыту бойынша басқарма басшылары Айдар Есенбеков пен Мамай Ахетов есеп берген. Сөйтсек сөзі мен ісі сәйкеспейді екен бұлардың. Қоғамдық кеңестің мүшелері анықтапты мұны.
Алматыдағы 1362 мемқызметкердің 87 пайызы ғана қазақ тілінде қағаз-құжат толтыра алады. Ал кейбір басқармаларда бұл көрсеткіш 50 пайызға да жетпейді екен. Бұл қайсылары?
Былайша айтқанда, осы органдарда қызмет істейтіндер қазақ тілінде қағаз-құжат толтыруға, жүргізуге құлықсыз. Бұдан бұрын тіл білмейді. Мемлекеттік тілді меңгермеген. Ал Үкімет мүмкіндік беріп отыр. Үйренгілері жоқ. Сылтаулары- жұмыс көп. “Мұрнымыздан шаншылып жүргенде тіл курстарына қайдан қатысамыз” дейді олар.
— Осы басқармаларда жұмыс істейтіндердің 60 пайызы ғана қазақ тілі курстарына барады. Есесіне, ағылшынға қызығушылықтары жоғары. 65 пайызы осы тілдің курстарына жазылған. Бостандық, Жетісу, Түркісб аудандары әкімдіктері мен Сәулет-құрылыс басқармасының 80 пайыз қызметкерлері қазақша қағаз-құжат толтыруды үйреніп жүр. Әрине, бәрі мұндай емес. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында істейтін қызметкерлердің 14 пайызы ғана қазақша үйреніп жүр. Дін істері басқармасында қазақша білмейтіндердің үлесі 3-ақ пайыз. Ал Ауыл шаруашылығы басқармасында істейтіндер қазақша курстарға мүлдем бармайды. Мемлекеттік тілді бір кісідей меңгерген
Турасын айтсақ, мемқызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруге ынтасы жоқ. “Қазақ тілін білмесек ештеңе емес, есесіне ағылшын тілін үйренбесек аш қаламыз” деп ойлайды олар.
“Нұр Отан” осы мәселені шешпек көрінеді.
Бұл үшін жұмыстан тыс уақытта қазақша үйрететін курстар өткізбек. Алайда бұл туралы мемлекеттік тілді меңгермеген мемқызметкерлердің не ойлайтыны белгісіз…
“Алматыда қазақ көп. Қазақтілді қала” дегенімізбен қағаз-құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жағынан көш соңында келеді. Өзге өңірлер озып кеткен. Бұл туралы “Нұр Отанның” жанындағы Коррупцияға қарсы қоғамдық кеңестің мүшелері батырып-батырып айтты да.
Бұлардың дерегінше былтыр қабылданған құжаттардың 46 пайызы, жіберілген құжаттың 62 пайызы ғана қазақ тілінде толтырылыпты. Оның өзінде бұл көрсеткіш қаладағы қазақтілді аудандардың арқасында өсіп отыр екен.
Енді ең қызығы…
Тілдерді дамыту басқармасының өзі қағаз-құжатты толықтай мемлекеттік тілде жүргізбейді.
Жер қатынастары басқармасындағы қағаз-құжаттардың 33 пайызы ғана, Еңбек және көші-қон инспекциясы басқармасындағы құжаттың 29 пайызы ғана, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасындағы құжат атаулының 20 пайызы ғана қазақша жүргізіледі екен. Ал ендеше!
Бұл орайда Меруерт Мұқанова былай дейді:
“Демек, басқармалар мемлекеттің қағаз-құжатты 100 пайыз қазақ тілінде жүргізу туралы талабын орындамай отыр. Мәселе, осы басқармалардың басшыларында жатыр. Олар қағаз-құжатты мемлекеттік тілде жүргізуге құлықты емес”.