Атың шықпаса жер өрте демекші, артта қалып бара жатқан 2017 жылда „аты шыққан„ төрт әкім бар. Төртеуі де көпке дейін елдің аузынан түспей, сөзге қалып жүрді.
Оның бірі – ана тілін қорғай алмай, мұқым қазақтың алдында масқара болған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, –
деп жазады баспасөз шолуында Sputnik Қазақстан.
Қазақ тіліне қырын қарады деген сынға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов биыл да ұшырады. Бұған белгілі қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегінің жанайқайы себеп болды. Мемлекеттік тілде хабарландыру жасамағаны үшін трамвайдың жолын жаппақ болған тіл жанашырына әкім-қаралар қолынан келгеннің бәрін істеп баққан.
“Мені күйдіріп отырған мәселе мынау. Әкімдіктегілер “трамвайдың жолын жапсаңыз, Сіздің үстіңізден қылмыстық іс қозғалады” дейді. Ал, енді “қазақтың тілі неге керек?” деп мемлекеттің заңын, мемлекеттің тілін пысқырмаған адамды, қала берді мекемені жауапкершілікке тартуға қауқарсыз. Мен өзімнің жеке басымның мәселесін айтып отырған жоқпын.
Әкімдіктегілер мені кекетіп: “Тарихта қалғыңыз келе ме?” деді. Мен емес, тілін, тінін қорғай алмаған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов тарихта қалады.
Осыны неге түсінбейді, олар?”, — деп ашынды қоғам белсенді.
Руза Бейсенбайтегі өзінің Фейсбук парақшасындағы тағы бір жазбасында қалада қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиынында облыс әкімі Болат Бақауовтың негізінен ресми тілде сөйлеуі жұрттың наразылығын тудырғанын айтып еді.
Ақыры Бақауов бұл әрекеті үшін жауап беруге мәжбүр болды. Сөйтіп қазақ тілі үшін жасалып жатқан істері туралы есеп беріп еді…
Биылғы ең шулы мәлімдемені Алматы әкімі Бауыржан Байбек жасады. Мегаполис басшысы қаладағы мейрамханаларда 500 теңгеге тамақтануға болады деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Айтуынша, теңге құнсызданғаннан кейін шетелдіктер үшін мейрамханалардың бағасы едәуір арзандаған.
“Егер бұрын доллар бір бәс төмен тұрса, бүгінде шетелдіктер мейрамханадан 500 теңгеге дәмді ас іше алады. Бұл өте арзан, сондықтан біз рейтингте жоғары тұрмыз”, — деген еді Байбек орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
БАҚ арқылы таралып кеткен әкімнің бұл сөзі ә дегенше жұрттың сынына ұшырап үлгерді. Бірі қымбатшылық қысып тұрған шақта мұнысы бос әңгіме десе, енді бірі ондай мейрамханалардың атын атауды талап етіп жатты. Ал журналистер ондай арзан мейрамханалар қайда екенін сұрап білуге асықты.
“Қағанатты” мысалға алуға болады, сондай-ақ бізде арзан мейрамханалар мен дөнер сататын орындар көп. Сорпа мен ыстық тамақ ішуге болатын, ішімдік сатпайтын жерлер бар”, – деп жауап берді әкім журналистің сұрағына.
Десе де қала әкімінің елордадағы мәлімдемесінен соң ғаламтор беті әзіл-қалжыңға толып кетті. Тіпті оны бизнесін өркендету мақсатында қолданып, жарнама маусымын бастап жіберген кәсіпкерлер де табылды.
Қоғамдық тамақтану орындарының бірі клиенттеріне 500 теңгеге тамақ ұсынды. Акцияның шарты мынадай: мейрамханаға келіп, “Байбектен келдім” деп айтуың керек. Осы ақшаға тамақ пен бір кесе шай беріледі. Бұл науқан 10 қараша күні өткізілді.
Қалай дегенде де жолақының өзі 150 теңге тұратын мегаполистің мейрамханасынан тиын-тебенге тамақтана алмасыңыз анық. 500 теңге туралы мәлімдеменің қоғамдық резонанс тудыруы сондықтан болса керек.
Шымкенттің бұрынғы басшысы Ғабидолла Әбдірахымов автобуста алғаш рет мәжіліс өткізген әкім ретінде ел есінде қалатыны анық. Осыдан екі жылдай бұрын қоғамдық көлікте қаладағы төрт аудан әкімі мен бөлім басшыларының басын қосып, жол бойындағы проблемаларға қатысты нақты тапсырмалар берген еді. Сол проблемалар өзгеріссіз қалды ма екен немесе басқа да себебі болды ма, биыл қазанда мемлекеттік қызметкерлерді бір ай бойы автобуспен жүруге міндеттеп, өзінің іскерлігін тағы бір көрсетіп қалды. Ол әкімдікке тиесілі қызметтік көліктердің барлығын тұраққа қойғызып, мемлекеттік нөмірін шешіп, есіктерін мөрлеп тастады. Ал жүргізушілерді демалысқа жіберді.
Дегенмен әкімнен тапсырма алған шенді-шекпенділер автобустағы суреттерін желіде жарыса жариялап, елдің сынына қалды. Ол аз болғандай, жұмысқа кешігіп қалмау үшін қоғамдық көліктің артынан жүгірген Ғабидолла Әбдірахымовтың өзінің суреті де жарияланып кетті.
Осыдан кейін шаһар басшысының бастамасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі қолдап жатса, енді бірі көзбояушылық деді. Тіпті арзан пиар деп сөккендер де болды. Ал Ғабидолла Әбдірахымов бұл “жаңалығы” еріккеннің ермегі емес екенін, халықтың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған шара екенін түсіндіріп бақты.
Әрбір іс-әрекеті “хитке” айналып шыға келетін Ғабидолла Әбдірахымов қазан айының соңында “Нұр Отан” партиясының хатшысы болып Астанаға қызмет ауыстырды.
Естеріңізде болса, 2 қыркүйек күні кешкісін “Абу-Даби Плаза” құрылыс алаңында күзетшілер мен Үндістаннан келген жұмысшылар төбелескен болатын. Жаппай төбелес салдарынан бірнеше адам ауруханаға жатқызылды. Қоғамдық тәртіпті бұзған 40-тан астам адам полицияға жеткізілді.
Осы оқиғадан кейін наразылық білдіріп, құрылыс кешені маңына жиналған қазақ жігіттеріне басу айту үшін қала әкімі Әсет Исекешевтің өзі келді. Алайда ол “шындықты айт” деп талап еткен наразы топтың сұрағына қазақ тілінде мардымды жауап бере алмады.
Исекешевтің қала тұрғындарымен кездесуі кезінде түсірілген видео әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Әкімнің әр сөзіне орысша қосып сөйлеп, мән-жайды түсіндіріп бере алмағаны жұрттың шамына тиді.
“Кішкене конфликт болды… қазір бәрі жақсы… Біздің охранниктер және индустар… тобелесь болды. Қазір бәрі тыныш. Жоқ… Бәрі жақсы…”, —
деді Әсет Исекешев.