Бір апта ішінде 1 АҚШ доллары 25-30 теңгеге дейін қымбаттады. Күн өткен сайын доллар әлі өзіне тиын қосып, қымбаттап келеді.
Өткен аптада, тіпті отандық қор биржада доллар орташа көлемнен екі есеге сатылып, АҚШ доларының тапшылығы да пайда болып еді. Қаржы нарығында не боп жатқанына қатысты осыған дейін ресми орган – ҚР Ұлттық банкі үнсіз келген. Олар тек бүгін сол үнсіздікті бұзды.
«Бұл – дамушы елдер валюталарының жалпы әлсіреуі нәтижесінде болып жатқан құбылыс»,
– деді ҚР Ұлттық банктен деп хабарлады Хабар-24.
Дамушы елдердің ақша нарығындағы жағдай геосаяси шиеленістен туындап отыр. Яғни, АҚШ-тың Ресей, Қытай, Түркия сияқты елдерге салып отырған санкциялық саясатының көрінісі. Мұның арты дипломатиялық қарым-қатынастардың шиеленісуіне әкеліп соғуда.
«АҚШ долларының әлемдік қаржы нарығындағы жалпылама нығаюы байқалады. Бұл экономикадағы оң тенденцияның ықпалында АҚШ Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін көтеру жағдайлары болжануда. Бұл факторлар дамушы елдердің нарығындағы капиталдың дамыған елдер нарығына құйылуына ықпал етті», – деді Ұлттық банктен.
Айта кетелік, Ресей рублі мен Түркияның лирасы қатты құнсызданып жатыр. Бұл АҚШ-тың Ресейге қарсы кезекті санкциямен байланысты болды. Өз кезегінде Түркия доллардан бас тартуда. Сол секілді АҚШ Иранмен сауда-саттық жасаған елдерді аямайтынын айтып өткен еді. Бұл ескертуді естігенін, бірақ оны елемей Қытай Иранмен байланысын жалғастыратынын мәлімдеді. Бұдан соң АҚШ Қытайға да жасалуы тиіс санкцияны әзірлеп жатқандарын айтып еді.