Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-14
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

“Қысқасы, былай болды…”. Трамп “Ислам мемлекетінің” қалай құрылғанын айтып қойды

Ұзақ сөйледі ол. Арасында ең өзекті деген ойларын тіліп алдық. Бәлкім, сізге де қызық болар, оқып көріңізші.

“Қамал соғамын”

Иә, соғам. АҚШ пен Мексиканың арасында қамал тұрғызам. Бұл қажеттілік. Қалжыңдап тұрғам жоқ. Салуымыз керек. АҚШ-қа ағылып жатқан есірткі тасқынын тоқтату мақсат. Бұл Мексикадан келетін адамдарға да қатысты.  Айналып келгенде, бәрі АҚШ-тың мүддесі үшін. Айналып келгенде, мәселе Мексикада емес. Мексика делдал. Әлемдегі ең арам, ең лас заттардың барлығы, алдымен осы елге келеді. Сосын бізге өтеді. Мен бұған тосқауыл қоям. Бізге дамыған әрі саяси-экономикалық тұрғыдан мықты Мексика керек.

Қамалды қашан қалайтынымызды дәл айта алмаймын. Бәлкім, екі-үш айдан кейін…

Мұсылмандар АҚШ-қа кіре алмай ма?

Айтайын дегенім… мұсылмандарға елге кіруге тыйым салмаймыз. Бұл елінде атыс-шабыс жүріп жатқандарға қатысты. Бұлардың атын алдағы уақытта атаймын. Осы елдерден көшіп келгендер АҚШ-тың берекесін кетіріп отыр. Бұларды кіргізбейміз. Америкаға көшіп келу бұрынғыдай оңай болмайды. Бас ауруымыз онсыз да жетіп артылады. АҚШ-қа кектеніп келетін, кейін өшін алғысы келетіндер керегі жоқ, бізге.

Бұлардың атын алдағы уақытта атаймын.  Тізім ұзын. Таныссаңыз, таңғаласыз. Бірақ, амал жоқ. Біз қауіпсіз елде өмір сүруіміз керек. Еуропа қайтті? Қателесті. Миллиондаған босқын Батысқа басып кірді. Бұл апат! Апаттың көкесі алда…

“Әдемі кетпедік”

Ешнәрсеге көңілің толмайтын әлемде тұрамыз… Иракқа бекер кірдік. Иракқа кірмеуіміз керек еді. Кірдік пе, дәл солай кетпеуіміз керек еді.

Біз хаоста өмір сүреміз. Алеппода не боп жатыр, қараңыз. Мосулдағы жағдай ше? Таяу Шығыстағы ахуал қандай? Ол жақтағы жұрт Батыс пен АҚШ-қа безді. Солай, қазіргі әлем – хаос, достым.

“Әттең…”

Ирактан кеткен күннің өзінде бұл жақта мұнайды бақылап қалу керек еді. Мұнайды бақылаудан айырылмағанда… ашығын айтайын “Ислам мемлекеті” де пайда болмас еді. Олар мұнайдың арқасында өсіп, өніп жатыр. Оларды мұнай асырап отыр. Біз кетіп қалдық, мұнайды қараусыз қалдырдық. Біз кеткенде, сенесіз бе, Иракта үкімет болған жоқ (қазір де жоқ). Қай бетімізбен кеттік?

Біз екі ұлттан қауіп күттік. Ирак пен Иранды айтам. Әскери күші жағынан тең еді бұлар. Екеуі осы күнге дейін сыйысқан жоқ. Соғысып келді. Соғыс олардың өмір дағдысына айналып кетті. Біз Ирактың басын алдық. Сол кездері мен: “Иран Иракты билеп төстейтін болады” дегем. Айтқаным айдай келді.

Диалог

Әңгімені осы арадан үзейік. Себебі, дәл осы арада журналист Трамптың сөзін бөледі.

– Сіздің сыншыларыңыз, бөтен елдің мұнайын бақылауға алу – заң бұзу дейді…

– Кім, кім дейсіз? Бұлар кім өзі? Бұлай кім айтады? Әй, ақымақтар…

– Сонда қалай? 

– Солай. Олар сыншы емес, ақымақтар.

Неге?

– Қалай неге? Мұнайды бақылауға алу керек еді! Мұнайды бақылауға алсақ, “Ислам мемлекеті” де болмайды. Бұдан ұтар едік. Біз қайттік? Осы уақытқа дейін Таяу Шығысқа 6 триллион доллар шығындадық! Ойлап көрші! Ал АҚШ қираудың алдында тұр.

Оларда да жолдың жыры көп екен

Біздің жолдарды қараңыз. Жол деп айтуға аузың бармайды. Көпірлерді, мектептерді қараңыз. Құлағалы тұр. Таяу Шығысқа 6 триллион долларды төге салдық. Ал өзімізде, мектеп салуға ақша жоқ. Ақшаның бәрі, сыртқа судай ағып жатыр. Жетер! Біз ұзақ соғыстық. 15-16 жылымызды өзімізге емес, әлемге арнадық. Жетер, жетер…

P.S. Трамп осылай деді. Өздеріне қатысты басқа да дүниелерді айтты. Әр сөзі “Америка үшін, америкалықтардың мүддесі үшін” дегенмен аяқталып жатты.

Көрелік, сөзі мен ісі сәйкесе ме екен?

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз