Депутаттардың мемлекеттік борыштың өсуіне байланысты Үкімет атына айтылған сын ескертпелерін Қаржы министрлігінің деректерімен растады.
Қаржы министрінің дамушы елдердің деректеріне жасаған сілтемесі депутаттарды сендірмеді, ал Мәжіліс спикері Қаржы министрлігінің басшысын одан да Африка елдерін мысалға алыңыз деп тойтарып тастады.
Қаржы министрлігінің сайтында осы тақырыпта жарияланған баспасөз релизінен қазан айының басында үкіметтік борышқа қызмет көрсету төлемдері 655,7 млрд теңгеге жеткенін аңғаруға болады.
Мемлекеттік қарыздың көлемі 19 трлн 674,1 млрд теңгені немесе елдің ЖІӨ-нің 28,2%-ын құрады. Алайда, соңғы көрсеткіштің динамикасы және оның құрамдас бөліктері пресс-релизде көрсетілмеген, бұл таңқаларлық жайт емес. Себебі осы мәселеге қатысты жағдай мәз емес.
Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында мемлекеттік қарыз көлемі 7,9%-ға ұлғайды. Абсолюттік мәнде– 1 трлн 440,8 млрд теңгеге артты. Жылдық мәнде шамамен төрттен бір бөлікке (23,1%) немесе 3 трлн 695,8 млрд-қа өсті. Мемлекеттік қарыздың бұлай ұлғаюы алдын ала болжанған еді, өйткені мемлекет коронавирус пандемиясымен күресуге және экономикалық шығындарды өтеуге біршама қаражат жұмсауға мәжбүр болды.
Доллар баламасында теңгенің америкалық валютаға қатысты әлсіреуінің арқасында мемлекеттік қарыз біршама, 1,4%-ға, $45 млрд 806 млн-ға дейін ұлғайды, жылдық мәнде есептеу кезінде өсім 11,1%, абсолюттік мәнде – $4 млрд 585,5 млн артты.
Долларды кімдер сатып алуда: Шымкентте неліктен шетелдік валютаға сұраныс жоғары?
Мемлекеттік қарыздың негізгі құрамдас бөлігі Қазақстан Үкіметінің борышы. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында ол 9,3%-ға немесе 1 трлн 333,5 млрд теңгеге өсті. Қазіргі уақытта Үкімет қарыздарының жалпы сомасы 15 трлн 702,7 млрд теңгені құрайды. Долларлық баламада өсім 2,7%-ды құрады. Абсолюттік мәнде — $977,2 млн-ға артып, $36 млрд 559,5 млн құрады.
Үкіметтің қарызы ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Олардың біріншісі негізінен «БЖЗҚ» зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің басым бөлігін құрайтын ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелерден тұрады.
Үшінші тоқсанда Ішкі қарыз 10%-ға — 9 трлн 208,0 млрд теңгеге дейін өсті. Үкіметтің сыртқы борышы 8,3%-ға (496,6 млрд) – 6 трлн 494,7 млрд-қа дейін, американдық валютаға қайта есептегенде — 1,8%-ға немесе $267,9 млн — $15 млрд 121,1 млн-ға дейін ұлғайды.
Жергілікті атқарушы органдардың борышының үлесі жоғары – 18,7%-ға, 1 трлн 497,5 млрд теңгеге дейін өсті. Долларға шаққанда — 11,6%-ға, $3 млрд 486,6 млн-ға дейін ұлғайды.
Ұлттық Банкте ішкі қарыз басым. Оның көлемі 3,4%-ға — 3 трлн 173,1 млрд теңгеге дейін төмендеді. Долларлық баламада— 9,2%-ға, 7 млрд 387,6 млн долларға дейін қысқарды, бұл Ұлттық Банк нарықтан шығаратын «артық» ақшаның қысқарғанын көрсетеді. Бұның пайдасы басым, өйткені олар экономикаға оралады.
Қаржы министрлігі жүргізетін мемлекеттік қарыз статистикасында мемлекет кепілдік берген борыш пен мемлекет кепілгерлігімен берілген борыш та ескеріледі.
Біріншісі үшінші тоқсанда 9,2%ға — 903,5 млрд теңгеге дейін ($2 млрд 103,7 млн) өсті. Екіншісі 6,5%-ға — 28,6 млрд-қа дейін ($66,6 млн) азайды.