Астанада басында үйі, астында көлігі бар қыз-келіншектерді бір айлакер еркек жағалап жүр. Ол асқан ізеттілігімен, әдемі сөздерімен нәзік жандының жүрегін жаулап ала қояды. Одан кейін пәтеріне бас сұғып, төсегін жылытқаннан соң, өзінің арам ойын жүзеге асыруға кіріседі.
Мақсаты – көңіл қосқан жанның бар жиған-тергенін түк қалдырмай, тып-тыйпыл ету.
Әрине, ол жалғыз әрекет етеді десек, жаңсақтық. Оның банкте, нотариуста, тіпті, ішкі істер органдарында да таныстары бар көрінеді. Азаматтық некедегі жігіті алдап, түксіз қалдырған астаналық банкир қыз Зүлфат Әбдіразаққызы жақында “Әйел бақыты” бағдарламасына болып, өзін сан соқтырып, бармақ тістеткен адамның аты-жөнін де атады. Ондағы ойы – өзі секілді алданып қалмас үшін, қазақтың қыз-келіншектерін алдын ала сақтандырып, құлақтандырып қою.
“Мені алдап кеткен жігітпен 2015 жылдың мамыр айында таныстым.
Жұмыстан шығып, такси тоқтаттым. Ол келе қалды. Банкте жұмыс істеп жүрген кезім. Менің телефон нөмірімді сұрады.
„Көп нәрсені түсінбеймін, Сізден сұрап алсам бола ма, банкке қатысты сауалдарым болса„, – деді.
Бір қарағанда, қазақтың қарапайым, сүйкімді жігіті әрі өте мәдениетті. Ойымда түк жоқ, ұялы телефонымның нөмірін бердім. Ол келесі күні маған хабарласып, несие туралы сұрады. Содан банкке келіп, артынша, көңілімді аулай бастады. Бір күні гүл алып келіпті. Сөйтіп, бір айдай соңымнан қалмай қойды. Одан кейін шешеммен танысқысы келетінін айтты.
Мен оған күйеуден шыққанымды айттым. Алғашқым да алаяқтыққа бейім адам еді.
Ұзамай жігітім ішкі істер бөлімінде жұмыс істейтінін айтты. Кейін мені өзінің аға-әпкелерімен таныстырды.
Шешем екеуімізге ұялы телефон сыйлады. Ауылына алып барып, әке-шешесімен таныстырып, “азаматтық некеде бірге тұрайық” деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, бірден менің сеніміме кіріп алды.
Біріншіден, мен оны байқап көрмек болдым. Екіншіден, өзі бірден тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған жоқ. Ақырында, азаматтық некеде тұра бастадық. Басында барлығы жақсы болды. Маған қаржылай демеу көрсетіп, тойларға бірге барып жүрдік. Барлығы біздің тойымыздың болатынына сенді. Үйдің жалғыз қызы болған соң, бақытты болып, ата-анамды қуантқым келеді”, – дейді Зүлфат ханым.
Алайда келіншектің қуанышы көпке созылмапты. Көп ұзамай, ол бірге тұрып жатқан ер азаматының отбасы бар екенін біледі. Сөйтіп, Дархан мырзаның заңды жұбайы Зүлфатқа жолығып, күйеуінің сенім артуға болмайтын айлакер екенін айтады.
“Бірге тұрып жатқанда, оның ішкі істер органында жұмыс істемейтінін, өзге әйелі мен екі баласының барын білдім. Туыстары бұл туралы маған тіс жарып айтпады. Әрине, барлығын осы арадан доғара қоюды жөн көрдім. Бірақ ол менің басымды айналдырғаны соншалық, бұл ойымнан тез айныдым. Тіпті, оның айтқанын істеп, кез келген ұсынысын қабылдай бердім. Өйткені, ол менен кешірім сұрап, менің көзімше ажырасуға арыз жазды. Менің көзімше телефонымен әйелімен де сөйлесті.
Ол: “Біз бірге тұрмаймыз. Менің сендерде шаруам жоқ. Бақытты болыңдар! Бірақ ертең өзің бармағыңды тістеп қаласың”, – деді.
Бірақ мен әйелі қызғанып, әдейі менің жүйкеме тию үшін, солай істеп тұр деп өз-өзімді сендірдім. Сөйтсем, оны да тастап кеткен екен. Әрине, мен ақымақ болдым.
Бір күні жұмысымнан шығып қалдым. Осы сәтте алаяқ күйеуім бірге жұмыс істеуді ұсынды. Ұялы телефон мен көлік әкеліп, сатпақ болдық. Жоспарын айтып, қайтадан сенім ұялатты. Сол сәтте “иә” деп келісімімді бердім.
Ол небәрі жарты күннің ішінде несие алып, менің үйімді кепілдікке қойды. Мені достарыммен, туған-туыстарыммен араластырмай тастады. 3-4 күннен кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тексердім. Менің атымда үй жоқ болып шықты.
https://www.instagram.com/p/BQfcQCLh5y3/?taken-by=aielbaqyty
Ол үй несие алған Әсемгүл есімді келіншектің атында тұрғанын айтты. Жан-жақтан қысым болып, Дархан екеуіміздің арамызда ұрыс-жанжал болды. Әсемгүл кепілдікке ақша берген кісі екен. Ол маған үйді сатып, кепілдікке алған ақшаны қайтаруды ұсынды. Үйді сатып, бұл қарызымыздан құтылдық. “Күйеуім: “Жақын жерден жақсы үй көрдім. Соны алайық. Алайда әзірге қаражат толық жетпей тұр. Уақытша ағаларымның үйінде тұрайық. Көлігіңді сатып, соның да ақшасын қосайық. Әке-шешеңе айтпай қоя тұр”, – деді. Сезімге беріліп жүріп, бұл жолы да келістім”, – дейді келіншек.
Дархан мырза заңсыз жолмен көлікті өз атына аударып алған. Оның мұны қалай жүзеге асырғанын Зүлфат ханым білмеген де екен.
“Көлік әкемнің атында болатын. Оны өзіне қалай аударып алғанын білмеймін.
Мені ағасының үйіне тұрғызып, ешқайда жібермей қойды. Достарыммен араласуымды шектеді. Бір күні өзі келіп, менің ата-анама барып, бар шындықты айтуды ұсынды. Олар Дарханның сөзіне толықтай сенді. Кенет Дархан шешесінің қатты ауырып жатқанын айтып, үйден кетіп қалды. Осыдан кейін арамыз үзіліп кетті.
2-3 айдан кейін қолында екі айлық баласы бар қыз келді. Дархан Бекмембетов оны да алдап кеткен екен.
Ал қолындағы бала соныкі. Әлгі қызға өзімнің де алданғанымды түсіндірдім. Бірақ ол Дарханның заңды отбасының бар екенін білмепті. Ақырында, Әуезов ауданындағы ішкі істер басқармасына барып арыз жаздым.
Бірінші мені Алмасбек Алпамысұлына кіргізді. Тергеуші арызымды қабылдап, опергруппаға берді. Арада бір жұма өткен соң, мені аудандық ішкі істер басқармасына шақыртты. Дарханды ұстаған екен. Ол барлығын мойындап, “Мен ақшаны қайтарғым келіп жүргем” деп ақталды.
Сол жерде маған уақытша кепілдік ретінде бір көліктің кілті мен құжатын берді. Бірақ бәрібір де арызды қайтарып алмайтынымды, сотқа дейін баратынымды айттым. Бір күні әлгі көлікпен келе жатып, жол апатына түстім. Артынша, ол көліктің ТАС ломбард деген жерде кепілдікте тұрғаны анықталды”, – дейді жәбірленуші.
Бұл оқиғадан кейін Зүлфат ханым Әуезов ауданының ішкі істер басқармасына қайта барады. Сол жерден оның арызының базаға енбегені анықталады. Енді ол Астана қалалық ішкі істер департаментінің көмегіне жүгінбек.
“Менің атымнан тағы да 300 мың теңге несие алып кеткендіктен, жігіттің әпкелеріне барып жағдайды түсіндірдім. Әкесінің аты – Тұрсынбай, әпкесінің аты – Бұршабаева Баян. Енді бұл жігітке ешкімнің алданғанын қаламаймын. Мен алғаш арыз жазып барған кезде, әділдік орнайды деп күткен едім. Ол 1987 жылы туған. Толық аты-жөні – Бекмембетов Дархан Тұрсынбайұлы. Бүгінде қолымда екі диплом болса да, сатушы болып жұмыс істеп жүрмін. Банкте қара тізімге еніп кеткенмін”, – дейді бойжеткен.
Ләйлә Сұлтанқызы өз кезегінде бұл істі жіті бақылайтынын және қолынан келген көмегін аямайтынын айтты. Мұнымен қатар, БАҚ өкілдерінен көмек сұрады.