Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

ҰБТ дауы: Талапкерлер грант тізімінде болғанымен, студенттер қатарында болмай шықты

Ананың көңілі балада, баланың көңілі грантта. Ал сол гранттың берілетін түрі жоқ. Жабырқаған талапкерлер мен перзентін қалай жұбатарын білмеген ата-ананың медициналық университеттің қабылдау комиссиясын айналшықтап жүргеніне осымен 10 күн. Бар мақсаттары – өздеріне тиесілі сертификаттарын алу. Өйткені ақысыз оқуға түскендердің қос тізімінде де аты-жөндері тайға таңба басқандай жазылып тұр.

«10 тамыз күнгі тізім бойынша Асфендияровта болдық. 14-ші тамыздағы тізімде  Казгуде болдық. Енді не Казгуде, не Асфендияровта жоқпыз»

– дейді талапкердің ата-анасы Әлия Сәлменова.

Сертификат даулағандардың дені – «Алтын белгі» иегерлері. Бәрі де ҰБТ кезінде өз білімдерін дәлелдеп, 100-ден аса балл алған. Бірақ одан пайда болмай тұр.

«Ұйқымыз қашты. Шынымды айтатын болсам, сөзім де жетпейді. Өзімнің ызамды, кегімді барлығын айтып шығатындай», – дейді талапкердің бірі.

Сөйтсек, мұндай қиындыққа тап болғандар көп екен. Ақысыз оқуға түссе де, қазір далада қалғандар Алматыдағы өзге оқу орындарында да жетеді.

Ал, 245 баланың мәселесі бүгін таңертең шешілгендей болды. Яғни, оларға көптен күткен сертификат берілген. Тек ата-ана мен болашақ студенттердің қуанышы көпке созыла қойған жоқ. Түстен кейін комиссия өкілдері шығып, бұл құжаттың жарамсыз екенін айтып, оны кері қайтаруды талап етіпті.

Қуанышы су сепкендей басылғандарға қабылдау комиссиясындағылар жақ ашып ештеңе түсіндірмепті. Сөйтсек, олар тек бұйрықты орындаушы екен. Сертификаттарды кейін қайтару туралы тапсырманы Білім министрлігі берген.

«Бүкіл сертификатты алып келгенбіз. Бүгіннен бастап жұмыс істегенбіз.  Бірақ кейін сертификатты қайта алып қойды. Сертификат береді – біз жұмыс істейміз. Сертификат болмаса – біз жұмыс істей алмаймыз», – дейді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры Қазбек Төлебаев.

Бірақ, министрліктегілер ондай бұйрық берген жоқпыз деп отыр. Ал, жауаптылар бір-біріне сілтеп жүргенде, «Алтын белгі» иегерлерінің мүлдем грантсыз қалатын түрі бар.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз