Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын жариялады. Айта кеткен жөн, биылғы тестілеу жаңа форматта өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
“Ағымдағы жылы жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестілеу республика бойынша 165 жерде өткізілді. ҰБТ-ны тапсыруға 93 мың мектеп түлегі өтініш білдірді. Олардың 88,5 мыңы тестке келді. 69 мың бала, яғни 76 пайызы тестті қазақ тілінде тапсыруды қалады”, – дейді Сағадиев.
“Республика бойынша ұпайдың орташа көрсеткіші 140-тың ішінде 80,5-ті құрады. Өткен жылы 125 балдық жүйе кезінде орташа көрсеткіш 80,1 ұпай болған. Биыл ең төменгі 50 ұпай межесін 74,5 мың бала еңсерді. Ал 14 мың мектеп түлегі тестті тапсыра алмады. Тест тапсыру ережесін бұзғаны үшін 12 бала тесттен шеттетілді”, – деп атап көрсетті Ерлан Кенжеғалиұлы.
Айта кетейік, бүгіннен бастап ұлттық бірыңғай мен кешенді тестілеуді қайта тапсыру бойынша құжат қабылдау жұмысы басталды. Ал 19-24 тамыз аралығында тестті қайта тапсыру шаралары ұйымдастырылады.