ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Божко бүгінгі білім беру жүйесінде шет тілдерін үйретуде қолданылатын әдістің нәтижесінде балалар мектепте алған ақпараттың 70 пайызын ұмытып қалады деген пікірде.
Бұл туралы халық қалаулысы Павлодардағы “Достық” үйінде этномәдени бірлестіктермен өткізген кездесу барысында мәлім етті деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
– Жуырда білім беру министрінің баяндамасын тыңдадық. Бүгін профессор Ерлан Сағадиевтің дәрісін алып келдім. Хатшыға бұл қағаздың көшірмесін өткізіп, бірнеше данасын таратып беруді өтінемін. Ол көптеген қызықты жайттар туралы сөз қозғады. Мәселен, тілді үйрену барысында Парето қағидасына сүйенген жөн. Ғалымдар адам баласы өзге тілде ақпараттың 60 пайызын жеткізу үшін 400-ден астам сөз қолданатынын анықтаған.
Ауылдан келген жігіттің тұрмыстық деңгейде тілді үйренуі үшін 400-дей сөзді білсе жеткілікті. Сонда ол ақпараттың жартысын меңгеретін болады. Шет тіліндегі ақпараттың 82 пайызын меңгеру үшін мың сөзді білсе болғаны. Осы жерде неліктен біз 25 жылдың ішінде мың сөзді үйрене алмадық деген сұрақ туындайды. Себебі бізге үтірді қалай қою керектігін, грамматиканы үйретті.
Ал, егер де оқыған материалды алғашқы екі сағатта қайталамаса, мектеп оқушысы ақпараттың 50 пайызын төрт сағаттың ішінде, төрт күннің ішінде материалдың тағы да 20 пайызын ұмытып қалады. Бұдан келе айтайын дегенім, тілді үйрету жүйесі қазірде тиімді болмай тұр. Бүкіл әлемде қайталауды дағдыға айналдыру қажет екені дәлелденген,- дейді ол.
Депутаттың пікірінше, қазіргі таңда тілді меңгеру әдісін түбегейлі өзгертетін білім беру бағдарламасы әзірленуде. Ал, білім беру реформаларының басқа салаларда тиімді енгізілуін парламент бақылауға алатын болады.