Алматыда өтетін дүниежүзілік қысқы Универсиадаға әлемдік спорттың танымал жұлдыздары қатыспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Универсиада-2017» дирекциясының директоры Наиль Нуровтың сөзіне сүйене отырып.
Сонымен қатар, ол қазақстандық спортшылар универсиада ойындарына белсенді дайындалып жатқанын айтты. «Біздің серіктестердің көмегімен Универсиада ойындарының бюджетін 1 млрд теңгеге үнемдеу мүмкіндігі туып отыр. Оған дейін де 17 млрд теңгені үнемдегенбіз. Енді оған 1 млрд теңге және қосылды», – деді Н.Нуров.
Еске сала кетейік, Алматыда қысқы Универсиада 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Сайысқа 55 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Универсиадада қатысушылар 8 ғимаратта 12 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 543 медаль сарапқа салынады. Универсиадаға 3 мың ерікті тартылып отыр. Шараға 30 мыңға жуық қазақстандық және шетелдік турист келеді деп күтіліп отыр.