Нұр-Сұлтан
Қазір
-14
Ертең
-16
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Unico Play онлайн-кинотеатры «Тренер аға» спорттық драмасын ұсынады

Премьера күні сериалдың алғашқы бөлімі YouTube желісінде жарияланады. Ал келесі сериялар Unico Play онлайн-кинотеатрында көрсетіледі.

«Тренер аға» – сериалы бұрынғы боксшы Дарханның өмір жолын баяндайды. Ол сегіз жыл бойы араласпаған әкесінің қазасына байланысты туған қаласына келеді. Ескі бокс залы – әкесінен қалған жалғыз мұра. Бір кездері бұл залда талай жасөспірім тәрбиеленіп, өмірге бағыт-бағдар алған еді. Залды жергілікті кәсіпкер қомақты қаржыға сатып алуды ұсынады. Алғашында Дархан бұл ұсынысты қабылдай салуды ойлайды. Алайда көп ұзамай әкесінің өліміне қатысты күмәнді жайттар шығып, өткеннің көмескі беттері ашыла бастайды.

Өткенді білуге талпынып, Дархан жасырын төбелестер әлеміне тап болады. Сол жерде әкесінің бұрынғы шәкірті болған бір жасөспірімнің өмірін құтқарып қалады. Осылайша ол күтпеген жерден көше балаларына бапкер атанады. Олардың арасында бұрынғы ғашығының інісі де бар. Уақыт өте келе залды сақтап қалу ниеті жасөспірімдердің болашағы, әкесінің абыройы және Дарханның өз өмірін өзгерту мүмкіндігі үшін күреске айналады.

Сериал тәртіп, еңбек және өзін-өзі дамыту тақырыптарын көтереді — дәл осы құндылықтар өмірде берік тірек табуға көмектеседі. Сериалдың негізгі идеясы – шынайы күш агрессияда, зорлық-зомбылықта немесе қылмыстық қысымда емес, адамның өзін-өзі бақылау мен жауапкершілікті арқалауда екенін көрсету. Жобаның режиссері — бұған дейін «Qarga» сериалымен танылған Бейбіт Өнер. Оның айтуынша, «Тренер аға» ең алдымен тәлімгерлік туралы хикая.

«Дархан – тек боксты үйрететін бапкер емес. Ол жасөспірімдерге қиындықпен бетпе-бет келуді, шешім қабылдауды, қандай жағдайда да өз болмысын жоғалтпауды үйретеді. Біз спорт пен қолдаудың жас буынға жаңа мүмкіндіктер аша алатынын көрсеткіміз келді», – дейді режиссер.

Сериалда эпизодтық рөлде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бой көрсетеді. Басты рөлді Қуаныш Құдайберген сомдады. Түсірілімге дайындық барысында актер үш ай бойы арнайы физикалық және бокс жаттығуларынан өтті.

«Қазақстанда бокс – жай ғана спорт емес, бұл мәдениеттің бір бөлігі. «Тренер аға» сериалы медаль мен жеңіс туралы емес. Бұл зал мен тренер жасөспірімнің өмірден баз кешкенде сүйенетін жалғыз тірегі екенін көрсететін туынды», – деді Қуаныш Құдайберген.

Сериалда маңызды рөлдердің бірін «Qara Bekire», «Черный двор», «Приговор» жобалары арқылы танылған Дамир Амангельдин сомдайды.

«Кей сәттерде мәселенің бәрі қаталдық пен қысым жасау арқылы шешілетіндей көрінеді. Алайда нағыз күш – тәртіпте, жауапкершілікте және адамның өзін-өзі бақылауда ұстай алуында. Спорт арқылы кейіпкер жасөспірімдерге тек қорғануды емес, өмірде өз жолын табуды үйретеді», – деді бас продюсер Анар Жүнісова.

Сериалдың түсірілімі Пришахтинск ауданында, шынайы аулалар мен спорт залдарында өтті. Мұнда спорт көбіне көше агрессиясына қарсы жалғыз балама болып отыр. Жекпе-жек көріністерінің қоюшы режиссері – Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобының мүшесі Қанат Құдияров. Сериалда 150-ден астам адам қатысқан ауқымды жекпе-жек сахнасы бар, бұл отандық сериал өндірісіндегі ең ірі қойылымдардың бірі саналады. Тренер аға» сериалы 8 бөлімнен тұрады, қазақ тілінде түсірілген және орыс тіліндегі субтитрлермен ұсынылады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз