Осыдан біраз бұрын Abai.kz порталы Қытайдан оралып, Жамбыл облыстық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 251 қандастың даулы мәселесі шешімін тапқанын айтып, жұрттан сүйінші сұраған-тұғын.
Сайт тілшілері бұл да тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісіпті. Жамбыл облыстық Көші-қон полициясы қазір сол 251 қандастың тұрмыстық түйткілді мәселелерін шешу мақсатында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр екен. Бұл туралы сайт тілшісі былай дейді:
Жергілікті жердің заңын білмегендіктен алаяқ делдалдарға жолығып, соның салдарынан Қазақстаннан қуылып кете жаздаған бауырларымыздың қуанышында шек жоқ.
Бұл – ауызбен айтып, сөзбен суреттеп жеткізе алмайтын қуаныш.
Осы қуанышты хабар жете сала Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Орал Мұстафаұлы Үдербаевпен телефон арқылы тілдескен едік.
Орал Мұстафаұлы Үдербаев, Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі:
– Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы қазір қауырт жұмыс жүргізіп, қандастардың құжатын дұрыстап беруге барын салып жатыр. Дүйсенбі күні 22 адам қабылдап, олардың барлық мәселесін шештік. Сейсенбі күні 10 адамның жұмысы толық аяқталды. Бүгін 19 қандастың шаруасын тезірек бітіру үшін жанталасып жатырмыз.
Осы азаматтардың ішіндегі 3 азамат азаматтығын алды.
Құдайға шүкір, бәрі рет-ретімен заң шеңберінде өз орнына келеді.
Енді қалған 197 азаматтың құжатын жасап беру – біздің басты міндетіміз. Олардың кейбірінің қайда екенін білмейміз. Осы мәселемен шұғылданып жүрген белсенді жігіттер болып, біз болып сол 197 азаматтың бәрін тауып, құжаттарын заңдастырып берсек дейміз.
Амандық болса, енді аз уақыттан кейін барлық мәселе түбегейлі шешіледі.
Abai.kz ақпараттық порталының тілшілері 251 қандастың мәселесімен Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Орал Үдербаевпен күн сайын хабарласып тұр.
Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасына құжатын заңдастырған әр қандастың көзінен қуаныштың жасы тамады. Олардың бүгінде құзіретті органдарға деген ішкі үрейлері сейіліп, полиция қызметкерлеріне деген көзқарастары жүз пайызға өзгерген”.
Бұл ретте сайт тілшілері Тараздан қуанып қайтқан қазақтардың сезімін жұртқа жеткізу үшін бір-екі видеоны назарға ұсыныпты.