Желіде мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бас бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта көшеде жүрген бейнесі тарады.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты заңгерлер Черновтарға шабуыл жасағаны үшін 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда бейнеде оның талапты орындамай жүргені байқалады. Нұрасыл Болат түнде көшеде темекі шегіп тұр және автордың сөзіне жауап қатпайды.
«Бейне шамамен түнгі сағат 3-те жарияланды, ал ол кешкі 23.00-ден кейін үйде болуы керек. Оның үстіне оның тіркелген жері – Астана, бірақ видео түнде Алматыда түсірілген. Бұл жерде бірнеше құқықбұзушылық орын алып отыр», – деп мәлімдеді адвокат Анна Чернова.
Айта кетейік, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді. Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-ның 293-бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.