Білесіз бе, қазіргі сауатсыз мамандар қайдан шығып жатыр? Өйткені көптеген студенттер грантта оқыса да, ақылы оқыса да жұмыс істеуге мәжбүр.
Ол – үнемі ақша жетіспейтін бүгінгі заманның талабы. Күндіз сабаққа барып, түнде жұмыс істейтін студенттер өте көп. Әлі де көбейіп келеді. Қайтсін енді, жүріс-тұрыс, тамақ-киім, жатақхана болсын, пәтер жалдау – бәрі ақшаға тіреледі.
Ауылдан қалаға арман қуып келген Сандуғаш қолы босай қалғанда даяшы болып жұмыс істейді. Грантта оқығанымен, шәкіртақысын жатақханаға, қалғанын тамағына жұмсайды. Бірақ, аш қалатын күндері де жоқ емес: «нан мен шәй алсаң болды, қалай мың теңгенің жаратылып қалғанын білмей қаласың», – дейді күйіне. Алыстағы інілері мен сіңлілерін жалғыз асырап отырған әкесінің қалтасына жармасқысы келмейді. Қаладағы мейрамхананың бірінде алты сағат жұмыс істеп, үш мың теңге пайда табады. «Әйтеуір үш күн аш жүрмеймін», – дейді өзі. Алты сағаттық ауыр еңбегін айтпағанда, түнде мейрамхана жағалайтын маскүнемдер тағы бар, оның осы жүріс-тұрысын ауылдағы әке-шешесі білмейді, қалада туысқандары да жоқ. Тағдыры бір Алланың қолында.
Сандуғаштың бұл тағдыры үлкен қалаға сырттан келген көптеген студенттердің басында бар. Қазақстандағы жұмыс іздеушілерге арналған ірі сайттың дерегінше,
Алматыда жұмыс іздегендердің 163 мыңға жуығы өздерін студент ретінде көрсеткен.
Өз мамандыға бойынша жұмыс таппайтын жастар көбіне көшеде қағаз таратушы, даяшы, сауда менеджері, көлік жүргізушісі, кассир сияқты мамандықта жұмыс істеп, күнін көруде.
Қоғам белсендісі Ерсайын Ерғожаның мәлімдеуінше, жұмыс берушілер жұмысқа студенттерді жалдауға құмар. Өйткені оларды жұмысқа ресми түрде қабылдамайды, салығы мен зейнетақысын. Әрі арзанқол студенттер аз ақшаға ләм демейді. Басты мәселе де осында:
Түнде жұмыс істейтін студенттің оқуға деген құлшынысы қайдан болады? Біз сонда қандай маман тәрбиелемекпіз?
Дайын даяшы мен таксистерді ме, әлде сауатсыз дәрігер мен мұғалімдерді ме? Шынында да қазіргі Қазақстанда өте сапасыз мамандар тәрбиеленіп жатыр.
Соған қарамастан, «Болашақ жастардың қолында», деп ұрандатып қоямыз. Қандай жастардың қолында екені беймәлім.
Ия, биыл да емтихандарын тапсырып біткен студенттер ауылына барып, жазғы демалыстарын өткізбек. Ал Сандуғаш болса даяшылық қызметін тастамақ емес. Қайтсін енді?
Бәтес Ерболат