Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жанынан құрылған қоғамдық кеңес осы қордың 50 млрд теңгесін теміржол саласын субсидиялауға жұмсауға наразы.
Бұл туралы осы қоғамдық кеңестің басшысы Досым Сәтбаев Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
Әлі даудан басы арыла қоймаған зейнетақы қоры ақшасына аяқ-асты ие бола қалған ҚР Инвестиция және даму министрлігі оны қалай жұмсайтындарына дейін тәмпіштеп түсіндіріп үлгерді.
Вице-министр Альберт Раудың айтуынша, миллиардтаған қаражатты жүк вагондарының жетіспеушілігі мен олардың экспортын ұлғайту проблемаларын шешуге пайдалану жоспарланыпты. Жалпы, 3 мың темір жол вагоны жасалмақ.
2016 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» Қазақстандық қор биржасын 200 млрд теңгеге бірінші облигациялық мемлекеттік бағдарламаны тіркейтінін хабардар етті. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары дағдарыс жағдайында мұндай ірі сомаға облигация орналастыру – барынша тәуекелді қадам екенін айтады.
Алайда Досым Сәтбаевтың пікірінше,
Үкіметтің бұл шешімі зейнетақы салымшыларының мүддесіне қайшы келеді.
„БЖЗҚ қорының 50 млрд теңгесі темір жол саласын қолдауға субсидияланатындығы туралы ақпарат жарық көрді. Осыған байланысты БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес салымшылар мүддесіне қайшы бұл шешімге қатысты осы қор мен Ұлттық банк басшылығына сұрау жолдады. Егер оған тез жауап ала алмасақ, онда бұл мәселеге қатысты наразылығымызды ел алдына шығып айтатын боламыз„, – делінеді саясаттанушының жазбасында.
Әлеуметтік желіні қолданушылар „жақында ғана құрылған қоғамдық кеңес ісін батыл қадамнан бастады, алайда шындық ешқашан билікке жаққан емес, ақыры, ол тарап тынбас па екен„ деп өз қауіптерін білдіріп жатыр.
Ал тағы бірі, Досым Сәтбаевты кезіндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтан кейінгі өзінің зейнетақы салымына қатысты алғаш рет ашықтан ашық алаңдаушылық білдірген адам екенін айтуда.
Алдында зейнетақы жинағынан 5 млрд теңге ұрланып, қордың басшысы мен бірнеше лауазымды тұлғалардың қолына кісен салынған еді. Одан кейін қордың қомақты көлемде шығынға ұшырағаны белгілі болды. Осы жайттарды ескере отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жанынан ел ақшасының қайда инвестицияланып, қалай пайда тауып, қандай жағдайда шығынға ұшырап жатқанын қадағалау үшін қоғамдық кеңес құрылған болатын. Бұл кеңестің төрағасы болып өткір ойдың иесі, қоғам белсендісі, саясаттанушы Досым Сәтбаев тағайындалған болатын.