Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Цифрландыру – дамудың үлгісі

1835

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен NurOtanTrends еркін пікірталас алаңында өткен кезекті отырыс осы өзекті мәселелерге арналды. Іс-шараның тұрақты модераторы «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, белгілі экономист Рахым Ошақбаев екенін атап өткен ләзім.

«Қазақстанда цифрландыру қалай жүріп жатыр?» деген сауалға Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова, «Атамекен» ҰКП атқарушы директоры Олжас Ордабаев, «Сергек» жобасының негізін салушы Қайрат Ахметов, стартапшы Болатбек Оспанов пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының атқарушы директоры Бахтияр Қожахметов жауап беруге тырысты.

Отырыста сөз сөйлеген партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын айтып, оны іске асыру үшін қандай кешенді шаралардың қолға алынғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы бастамашы болған Қазақстанның үшінші жаңғыруы шеңберінде цифрландыру мәселесі негізгі басымдыққа ие. Аталған бағдарламада көрсетілген барлық міндеттерді іске асыру еңбек өнімділігін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға, шығынды азайтуға, мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан тұрғындар алатын қызмет сапасының арта түсуіне ықпал етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл салада қол жеткен табыстар да жоқ емес. Мемлекеттік органдардың мәліметі бойынша, бүгінгі таңда 500-ден астам кәсіпорынның Индустрия 4.0. элементтеріне енгізуге дайындығын бағалау жүргізілген. Қызметтерді автоматтандырудың арқасында оларды алудың мерзімі айтарлықтай қысқарды. Электронды үкімет порталында 447 мемлекеттік қызмет (746 ішінен) қолжетімді.

Сонымен бірге, «Ақылды қалаларды» дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Білім беру, денсаулық сақтау, қалалық көлікті басқару, көшені жарықтандыру мен тәртіп бұзушылықты тіркеу салаларында smart-жобалар іске асырылуда.

Цифрландыру бойынша қол жеткізген табыстардың бірі ретінде «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату жөніндегі мемлекеттік-дербес жобасын айтуға болады.

«Сергек» жобасын елордада енгізу қоғамдық орындардағы қылмыстың 29 пайызға дейін қысқаруына алып келді.

– Қазір біз бұл істі одан әрі ілгерілетіп жатырмыз. Алдағы айларда бақылаудағы жол қиылыстарының 100 пайыз қамтимыз. Әуежай жақтағы сияқты ұзын жолдарға тағы 300 камера орнатылады. Сонымен бірге, адамдар көп жиналатын жерлерге тағы да 4 мың камера орнату көзделуде, – деді Қайрат Ахметов.

«Сергек» жүйесіне басқа өңірлердің әкімдіктері де қызығушылық танытып жатыр екен.
– 2017 жылдың алғашқы жарты жылымен салыстырсақ, жол көлік апатындағы адам өлімі айтарлықтай азайды. Былтыр 20 адам өлімі болса, биыл ол 13-ке азайды. Бұл ресми статистика, – дейді Кайрат Ахметов.

Мәулен Әшімбаевтың атап өткеніндей, «Нұр Отан» – елді жаңғырту ісіне қатысып жатқан стратегиялық күш, мемлекеттегі идеологияны жүйелі өзгертудің бастамашысы. Сондықтан да, партия Қазақстанды цифрландыру ісіне ықпал ететін, нақты жобаларға бастамашы болуда.

– Партия Қазақстан бойынша 1000 тегін IT сыныбын ашуды қолға алды. Келешекте ол жерде мектеп оқушылары бағдарламалау, робототехника негіздерінің қыры мен сырын егжей-тегжейлі меңгеріп шығатын болады. Қолға алған ісіміз алғашқы жемісін бере де бастады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша біз 100 тегін IT сыныбын құрдық. Сондай-ақ біз «Атамекенмен» 20 IT сыныбы жобасын іске асырудамыз. Осындай IT орталықтарының шеңберінде, біріншіден тұрғындарды цифрлы сауаттылыққа оқыту, екіншіден осы саланың мамандарын дайындау көзделуде. Біз осы мәселе бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Таяу арада біз Қазақстанда 20 IT орталығын ашамыз деген ойдамын, – деп мәлімдеді Мәулен Әшімбаев.

Тағы да бір маңызды жоба – әкімдіктер сатуға немесе жалға беруге шығаратын, бос жер телімдері туралы мәліметтер бар геоақпараттық сервис. Талқылау барысында сарапшылар отандық IT нарығының қызметі нашар дамығандықтан, отандық IT компанияларды ынталандырудың іс-шараларын қарастыру мәселесін қозғады.

– Біз өткен жылы компьютерлік қызмет экспортының бар-жоғы 15 млн долларды құрағанын көріп отырмыз. Ал импорт 145 млн долларды құрады. Салыстырмалы түрде 34 мың IT маманы бар Белорусь 1 млрд доллардың қызметін импорттады, – деді Рақым Ошақбаев.

Ал Мәулен Әшімбаев бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы өз мойнына алған негізгі міндеттің – цифрландыру үшін мамандар дайындау болып табылатынын атап өтіп, барлығын да осы іске белсене атсалысуға шақырды. Атап айтсақ ол, бағдарлама бойынша балалар арасында байқау жариялап, жарысқа қатысу үшін оларды шет елге шығарып, жобаларға қатысуға тартып, жастарды тәжірибе алмасуға шақырды. Пікір алмасудың қорытындысы бойынша, Үкіметтің, Парламенттің, жергілікті атқарушы органдардың алдында мәселе етіп қойылатын нақты ұсыныстар пысықталды.

  • Айта кетсек, еліміздегі Цифрлық Қазақстан жобасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» Жеке қорымен жүзеге асырылуда.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз