Желі қолданушысы Серік Әбдіжәмидің мына жазбасы қызу пікірталас туғызған екен. Қаз-қалпында беріп отырмыз.
Ерікті, саналы түрде. Аллаға деген шүкіршілігімді білдіргім келді. Сөйтіп, сабақты ине сəтімен отыз күн ораза тұттым.
Содан өзімді дүниеден тиянақтап ұстайын деген оймен əр жұмада мешітке барып жүрдім. Сондағы көргенім, Абай атам айтқандай “базарға қарап тұрсам əркім барар” демекші, əр түрлі “мұсылмандарды” көрдім.
Бұрын мұғалімдік қызметте жүргенімде, нақтырақ 2004 жылы бір оқушымның анасы айтқан бір сөз есімде сақталып қалған еді.
Ол кісінің айтуынша, “мешіттің ішіндегі бөлмелердің бірінен бір молданың бір əйелмен жыныстық қатынасқа түсіп жатқанын көріп, жағамды ұстадым, балам, сен де төбетей киеді екенсің, сақ болшы қарағым!”, – деп.
Мен апама өзімнің азаматтық көзқарасымның бар екенін айтып, апамның қорқынышын сейілткендей болдым. Содан қайтып мешіт атаулыға көп бас сұқпайтын болдым.
Енді міне, арада бірталай уақыт өтті ғой, мешіттің жағдайы (аурасы) қалай екен деп ойлап жүруші едім. Бірақ, онша көп айырмашылықты сезіне алмадым.
Ораза айт мерекесі кезінде ұйымдастырған спорттық шара кезінде “сақалды” жастардың “Аллаһу акбар!”, деп тепсініп тұрған түрлерін көріп бойым мұздап сала берді.
“Болашақ – жастардың қолында” дейміз, бірақ сол жастарымыз бойындағы қазақылық мінездерін жойып, өздерін исламның лашкеріндей сезінетіні толғандырды.
Айтпақшы, сол мұғалімдік қызметімде жүргенімде бір қыз бала менің əдебиеттен берген тапсырмам бойынша Сұлтанмахмұт Торайғыровты оқып келуден бас тартты.
Сондағы айтқаны: “мен сіздің түкке тұрғысыз сабағыңызды оқығанша, неге пайғамбарлар мен сахабалардың өмір тарихын оқымаймын?!”, деп бетіме тіке қарап бажырайған еді. Мен сонда аң-таң күйде состиып қалдым.
Қазір де мешіттерге бас сұқсаңыздар, имамдардың уағызында намаз оқудан басқа ештеңе айтылмайды. Бəріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, бірақ дені осы сарында əңгіме айтады. Сосын жүргенің “бейнамаз болсаң кəпір болам ба?”, дегендей əрі-сəрі күй кешіп.
Осы жерде мені жазғыратындар табылады. Бірақ менің айтпай бүгіп қалуға құқығым болмай тұр.
Өз басым “малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы!”, деген қазақ халқының ұрпағына “əсіре діншіл” болудың пайдасы шамалы деп түсінемін.
P.S. Қазір кейде сол қыз баланы ойлаймын қайда жүр деп, Сирияға кетпеген болса екен…
Фейсбуктегі “Дүниежүзі қандастары” тобынан алынды