“Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы әйгілі Отырартөбеде келеңсіз оқиғаның куәсі болдық”, – деген oinet.kz сайтының журналисі Ерік Рахым қасиетті орында бір топ сектанттың ойларына келгенін істеп жүргенін жазыпты.
“Дін істері және азаматтық қоғам министрін Нұрлан Ермекбаевтың және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Малғажыұлының назарына!”, – дейді бұл ретте журналист.
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы әйгілі Отырартөбеде келеңсіз оқиғаның куәсі болдық. Бір топ сектант (іс-әрекеттеріне қарап, осылай демеске лаж жоқ) қасиетті орында ойларына келгенді істеп жүр.
Анығында, еркек демей, қатын демей, бірінен соң бірі төбеден домалап түсіп жатыр. Ешқайсысы жөндерін айтқысы келмейді. Отырарлық ағайындардың өзі бұрын-соңды мұндайды көрмеген.
Әдетте, ақылға сыймайтын осындай әрекетпен көлденең пайда тапқысы келетін алаяқтар немесе дәстүрлі дінімізге жат сектанттар айналысуы мүмкін.
Мына оқиғаның кейіпкерлерін қайсы топқа жатқызсаңыз да, еркіңіз.
Әйгілі Отырар қаласының орны – бүгінде ашық аспан астындағы мұражай. Мұнда 30 мыңға жуық экспонат бар. Отырартөбеге әлемнің әр жерінен мыңдаған турист үздіксіз ағылып жатады.
Ғалымдардың жазуынша, әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі осы Отырар қаласында болған. Туристерді қызықтыратын да осы – көне қаланың озық мәдениеті.
Ал енді шетелдіктер қасиетті орында әлгіндей оқиғаны көрсе, Қазақстан туралы не ойлайды?
«Мәдени құндылықтарының қадірін білмейтін жабайы ел екен», –
деп кетпей ме, келген-кеткен қонақ.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан осы оқиғаға байланысты ресми жауап күтеміз”, – деп тәмәдапты сөзін журналист.