Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
14
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Тесік шелек”. Досым Сәтпаев зейнетақы қорындағы былықтарды ашты

199

Ұлттық қордың ақшасын түгескендер енді зейнетақы ақшасына қол салып жатыр

– Мәселен,

қазір көптеген сарапшы дефолт жағдайына тап болып үлгерген еліміздегі бірқатар банктердің шотындағы зейнетақы жинағының қауіпсіздігіне қатысты  қобалжу білдіріп жатыр.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, біздің шенеуніктер өте нашар менеджер, олар өз ақшасынан гөрі өзгенің ақшасын шаш та төк пайдалануға әбден машықтанып алған.

Мәселен, Ұлттық қордағы «болашақтың ақшасын» сөйтті емес пе? Енді бұл бассыздық «болашақ зейнеткерлердің» ақшасына қатысты орын алуда.

Сол секілді бөлінген ақшаның қайтарымы көптің күмәнін туғызып жатыр. Еліміздің жүйе құрушы банктерін аман алып қалу үшін Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд доллардың кері қайтуына қатысты Елбасының өзі Үкіметтен жауап ала алмады емес пе?..

Қалай дегенмен де

өзгенің қалтасына түсетін шенеуніктердің тәбетін жою керек.

Өзінің зейнетақы жинағын қайда инвестициялау керектігін қатардағы салымшының өзі шешуі керек, ал шенеуніктердің онда шатағы болмасын.

Мораторий, ең алдымен, осы үшін керек, – дейді Досым Сәтпаев.

Оның пікірінше, өзі басқаратын қоғамдық кеңес «Қазақстанның зейнетақы жүйесі» деп аталатын бекінісі мықты қамал ішіне тап болған «Троя аты» секілді. «Троя атынан» қазір мемлекеттік құрылымдар қатты үркіп жатыр екен.

Зейнетақы ақшасы қайда инвестицияланды – соның барлығынан жауап алынады

– Ең алдымен, біз іске кіріскенде, зейнетақы ақшасының тиімді жұмсалуына қатысты мемлекеттік құрылымдарға жан-жақтан ресми сауал жолдай бастадық. Көбіне, оған жауапты Ұлттық банктен алып отырдық. Мәселен, теміржол саласын қолдауға зейнетақы жинағынан бөлмекші болған 50 млрд теңгенің жайы ше? Бұл ақшаға жауапты кейбір мемлекеттік құрылымдардың ұйқысы шайдай ашылып, жауап іздей бастады. Ақыры, оны керек емес деп, бастарын ала қашты.

Иә, біз шенеуніктерді састыратын осындай сауалдарды үнемі ортаға тастап отырамыз. Кім қол салды, қайсысы зейнетақы ақшасынан дәмелі – бәрін сұрастырамыз. Енді,

былтыр контейнерлер тасымалы үшін 1,1 мың теміржол платформасын сатып алуға бөлінген 17,5 млрд теңгеге қатысты түсініктеме берілмек.

Қазір біз соның жауабын күтіп отырмыз. Бұл әлі басы.

Әрине, Үкімет халыққа оның бәрін ашып айтып, ағынан жарылады дегенге сену қиын. Бірақ бір тамшы су тас жарады емес пе?..

Мәселен, MEGA Silk Way “Байтерек Development” арқылы алған 5 млрд теңге қарызын мерзімінен бұрын жапты. Бұл да зейнетақы ақшасы болып шықты.

Қалған 10 млрд теңге алдағы айларда жабылып қалады. Демек, біз қолға алған іс нәтижесін бере бастады.

Сондай-ақ Досым Сәтпаев жинақтаушы зейнетақы ақшасын бір қорға жинаудың артында қара ниеттің болғанын айтады.

 

Зейнетақы қорының қазіргі түрі қатардағы салымшыға тиімсіз

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бәрін біріктірген соң аяқ-астынан, шамамен, 90 млрд теңге зейнетақы жинағы жойылатыны (списанияға кететіні) мәлім етілді.

Бұл Қазақстан халқының адал еңбегімен тапқан ақшасының 10 пайызын «тесік шелекке» салып жатқаны секілді.

Меніңше, бірыңғай қорға зейнетақы ақшасын біріктіріп, бір жерге жинауда стратегиялық мақсат болмаған.

Тек біреулер бұл қорды түрлі мемлекеттік жобаларға ақша аударуда екінші мемлекеттік бюджет немесе Ұлттық қор ретінде пайдаланғысы келген болуы керек.

Жалпы, БЖЗҚ-ны құру мүдделер қақтығысына әкеліп соққанын ұмытпаған жөн. Зейнетақы ақшасымен Ұлттық қор айналыса бастаған кезде-ақ «зейнетақы қазанына» Үкімет, түрлі министрліктер, квазимемлекеттік құрылымдар „қасықтарын„ ала жүгірді. Бұған өз активтерінде зейнетақы ақшасын да сақтайтын біздегі банктерді де қосыңыз. Онда да бұл банктердің қаржылық тұрақтылық жайы өте күмәнді. Олардың басым бөлігі саяси элитамен біте қайнасқан бизнес қауымдастық өкілдері келбетіндегі ірі акционерлердің арқасында күн көріп отыр.

Демек, қатардағы зейнетақы жинағы салымшылары есебінен біздің элита өздерінің қатысы бар түрлі қаржы құрылымдарын қолдап отырады.

Бұдан шығатын қорытынды, барлық бұл жүйе тек инвестициялық табысы, нақтысын айтпай-ақ қоялық, ресми инфляция деңгейі – 6-8 проценттен де төмен көрсетілген қолдарына қағаз алатын қатардағы салымшылар үшін жасалмаған.

Үкімет үн-түнсіз зейнетақы жасын өсіруге кіріскен бе?

Қоғамдық қор басшысы Үкімет зейнетақы жасын өсіруге бас қатырғанша, салымшылардың бір бөлігіне өз жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуына мүмкіндік беретін тетікті қарастырса жөн болар еді дейді.

– Айтқандай, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнетақы жасын өсіру басталады. Бірақ бұған қатысты әзірге ләм-мим деп біреу жақ ашып жатқан жоқ. Мемлекеттік мекемелер, тіпті, үнсіз. Меніңше, ең алдымен, зейнетақы жүйесінде бір тәртіп жүргізіп алып, оған сенімді арттырғанда ғана, мұндай тәжірибені қолға алуға болады. Ал әзірге оған ерте.

Сандарға келетін болсақ, БЖЗҚ салымшыларының 78 процентінің орташа жинақ сомасы 1 млн теңгені құрайды, нақтырақ айтқанда, еркектердікі – 827,7 мың теңге, әйелдердікі – 623,8 мың теңге. 21 процент салымшының жинағы 1-ден 5 млн теңге аралығын қамтиды. Ал 5 млн теңгеден асатын жинақты 1 процент салымшы құрайды.

Адамдар жарқын қарттық туралы уәдеге әбден тойған.Егер мемлекет өз азаматтарының зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттырғысы келсе, онда құр уәде бере бермей, қазірден зейнетақы жинағын басқаруды өз қолына беруде аздап «азық» беріп тұруы тиіс. Сол секілді зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік беруі керек. Әрине, жаппай емес.

Зейнетақы ақшасын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік берілуі керек

Мәселен, егер салымшы  өте ауыр дертке шалдықса. Ол бәрібір зейнет жасына жете алмайды, онда оны неге күтуі тиіс. Қазірден оны өзінің еміне пайдалансын, дегендей.

Әрине, үкімет денсаулық сақтау саласындағы парақорлыққа сілтеп, бұл ұсыныстан басын ала қашуы мүмкін. Алайда балық басынан шіриді емес пе? Егер шенеуніктердің өзі жемқорлыққа жол беріп отырса, онда ол үшін азаматтарға айып тағудың қажеті қанша?

Үкімет өз жүйесіне сенімсіздікпен қараса, онда олар салымшыларды  зейнетақы жүйесіне иек артуға қалай шақырады?

Қалай дегенмен де, азаматтардың барлығына болмаса да белгілі бір себебі бар топтарға зейнетақы жинағындағы ақшасын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік берсін. Онсыз да қазір бұл ақша тәжірибеден өту барысында жоғалып, құнсызданып жатыр. Оған қоса, оның болашақта сақталып қалатынына да ешкім кепіл беріп жатқан жоқ.

Ең құрығанда, шотында 5 млн теңгесі барлардан бастасын.

Сонда адамдар зейнетақы төлемі қандай да бір қосымша салық емес, ауырған кезде, басқа қиын күндер туғанда пайдалануға болатын өз ақшасы екенін түсінеді. Ондайда жұмысшыларда көптеп еңбек етуге, жинақ жасауға деген құлшынысы пайда болады. Ал қазіргі түрімен алысқа бара алмаймыз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз