Алмас Кішкенбаев соңғы жылдары артық салмақпен күресіп келеді.
Бұл туралы Stan.kz Тимур Балымбетовтың “Шыны керек” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Салынып кеттім деп айта алмаймын. Бірақ бір кездері ішімдікке жақын болдым. Мендегі артық салмақ соның кесірінен. Соңғы кезде өмірімде орын алған өзгерістерге байланысты ол үш есеге артып кетті. Бірақ қазір ол жаман нәрседен алыспын. Ол нәрсе қазір жоқ мүлдем. Ешқашан да жақындамаймын”, – дейді Алмас.
Кішкенбаев ішімдікке әуестіктен арылу үшін арнайы емделетін жерге баруға мәжбүр болғанын айтты.
“Өзімді тоқтата алмайтындай дәрежеге қалай жеткенімді өзім байқамай қалдым. Бірақ соны сезген кезімде амал жоқ дәрігерге баруға тура келді”, – дейді Кішкенбаев.
Сондай-ақ, Алмас өзіне қол салуға дейін барғанын айтты. Өнер иесінің пайымынша, мұның бәрі ащы суға салынып кетуінің кесірінен болған.
“Терезенің алдында тұрған кезде қызым Зере қоңырау шалып, мені тоқтатты”, – дейді Алмас.
Әншінің мұндай қадамға баруына соңғы жылдары басына түскен оқиғалар себеп болған.
Осыдан бір жыл бұрын Алмастың туған ағасы қайтыс болып, содан кейін анасы қатты ауыра бастаған. Тіпті, бір барғанында Алмастың өзін танымай қалыпты. Десе де, бүгінде анамның беті бері қарап келеді, – дейді Кішкенбаев.
Сондай-ақ, әйелімен ажырасуы Алмасқа өте үлкен соққы болып тиген.