Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Техникалық ақау болғаны рас па?”. Гранттың тізімі шыға салысымен шу шықты

244

Жинаған ұпайы жетпей қалған болар дейін десе одан аз жинағандар тура сол мамандықтарға грантпен түсіп кеткен, -деп жазды Stan.kz. Одан қалса тізімдегі грант саны бөлінгеннен аз дейді белсенді.

“110 балл алды, қайным  қайда?”

Бүгін Грант иегерлерінің тізімі сайттарды шарлап кетті ғой. Тізімді мен де ашып қарадым. Қайным оқуға тапсырған еді. Тізімнен таба алмадым. Қайным 110 балл жинаған болатын. Басында “қап, түспепті ғой” деп отырғанмын.

Бірақ тізімде шикілік бар секілді көрініп тұр.

Қайным ең әуелі “жалпы медицина” мамандығы бойынша Асфендияровты таңдаған екен. Отырып алып осы мамандыққа түскендерді қарап шықтым. Қайнымнан төмен алған 63 оқушы грант иегері атаныпты. Тіпті, 83 баллмен түскендер де бар.

Екінші таңдаған университеті “Астана медициналық университеті” екен. Ол жақта да тура солай. Қайнымнан төмен алған 182 оқушы “жалпы медицина” бойынша грант иеленіпті. Бұл жақта тіпті 65 баллмен түсіп кеткендер бар.

Үшінші университеті “Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы” екен. Бұл жақта да “жалпы медицина” бойынша 110 баллдан төмен жинаған 28 студент грант иегері атанған.

Орыс группасы шығар дейін десем, пәленбай талапкердің бәрі орыс тобына тапсырмаған шығар.

Айтпақшы, Денсаулық сақтау министрлігі биыл “жалпы медицина” бойынша 2700 грант бөлдік деп хабарлаған еді. Ал тізімде 2694 талапкер тұр.

Қалған 6 орын қайда кеткені белгісіз.

Әйтеуір, сол жоқ алтаудың біреуі қайным шығар деп келіншегімді жұбатып отырмын»,-деп жазған Абай есімді тараздық желі қолданушысы.

КазГУ-дің Баспа ісі мамандығына ешкім оқуға түспепті

Қазақ үні” басылымының бас редакторы Қазбек Иса: „әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Университеті журналистика факультеті Дизаин мамандығына ешкім оқуға түсе алмаған ба?„ деп, таң-тамаша болып мәселе көтереді.

„Мысалы, ҚазҰУ-ге құжат тапсырған Қаныш Жарылқасын 116 балмен (екі сабақтың 40 балынан -36 бал, шығырмашылық конкурстың екі пәнінен ең жоғары 80 бал жинаған) дизайн мамандығына өтпей қалған. Ал одан көп төмен 108 балмен Еуразия Ұлттық университетіне, тіпті 95 балмен басқа ЖОО-ларға өткендер бар?

Сонда ҚазҰУ-да журналистика факультетінде дизайн мамандығы болмайтын болғаны ма? Дизайн кафедрасын жаппақшы ма? Бұл еліміздегі дизайн кафедраларының ішіндегі ғылыми-техникалық материалдық оқу базасы ең күшті кафедра ғой!

Бұған ҚазҰУ-дің дизайн мамандығы оқытушылары да жауап бере алмай, аң-таң… болып отыр. ҚазҰУ-ге келген ата-аналар айқай-шу шығаруда.

Ал университеттің оқу ісі жөніндегі басшылығы: «Мұны біз шешпейміз, министрлікке хат жазыңдар» дейді. Бұл «жұмбақтың» сырын кім айтып бере алады, құрметті Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырза?„ делінеді Қазбек Иса мырзаның көтерген мәселесінде.

Ал министрлік не дегенін білесіз бе?

Бүгін ҚР БҒМ ғимаратының алдына 20-дан астам ата-ана жиналған деп хабарлады ҚазАқпарат. Бәрінің шағымдары шамамен бірдей: «Жоғары балл алса да менің балам неге оқуға түспей қалды». Олардың айтуларына қарағанда, кейбір мектеп бітірушілер 130 балға дейін алып, оқуға түсе алмай қалған. Бәрі де министрлік ғимаратына кіріп, шағымдарын беріп жатыр. Көп кешікпей олардың алдына министрліктің өкілдері шығып, түсінік беруге тырысты.

Олардың айтуынша,

грантты бөлу жұмысын республикалық комиссия шешкен, бәрі дұрыс. Десе де, ата-аналар бұл жауапқа қанағаттанбады.

Министрліктің баспасөз қызметі сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығы бүгін қоғамдық қабылдауды ашатынын хабарлайды. Сол арада кез келгеннің сауалына көзбе-көз жауап берілмек. Онда ҰБТ қорытындысын түсіндіру бойынша әр ата-анаға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса осы мәселеге қатысты Астанадағы (8-71 72) 69-50-76 мен 69-52-61 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Демек, техникалық ақау болу мүмкін деп өз-өзін алдаусыратқан ата-аналардың үміті ақталмаған секілді.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз