Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
17
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Тегін тамақ қайда?! Министрліктің миы мектепке шкаф орнатуға ғана жеткен бе?

Оған қоса, енді Қазақстан оқушылары мектепке ішетін суына дейін тасып әуреленбейді.

Еске салсақ, жыл басында Алматы облысының 1-сынып оқушысының ата-анасы Салтанат Тәжиева Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдап, баласы мектепке баратын барша қазақстандықтардың басындағы қиындықты жайып салған.

Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың жас ерекшелігі оқулықтарда ескерілмейтінін, оған қоса, мектеп сөмкесінің халықаралық нормадан 3 есе асып кететінін айтып, өз наразылығын білдірген ата-ананың бұл видеосын бір тәулікте 47 мың адам көріп, оны қолдап пікір қалдырған.

Министрлік бұған өтірік жауап беремін деп, тағы бір масқара болды: мектеп оқушысы сөмкесінің 2 жарым келіден аспайтынын айтқаны сол еді, Салтанат Тәжиева министрге әлеуметтік желіде тағы да видеоүндеу жолдап, ел алдында баласының сөмкесін таразыға салып, өлшеп көрсетті.

Сөмкенің салмағы 6 келіден асып кетті. Осылайша министрліктің өтірігі шығып, аузына құм құйылған.

Енді министр оқушының “ауыр сөмке” мәселесінің шешімін тапқан секілді.

“Қазақстан мектептерінде кітап қоятын жеке шкафтар, әрбір сыныпта Wi-Fi және таза ауыз су пайда болады”, деп мәлім етті бүгін Үкімет жиынында сөз алған Ерлан Сағадиевтің өзі. Министр мұның бәрі 2017 жылдың жарты жылдығында қолға алынатын дүниелер екенін баса айтты.

“Ең бірінші, әрбір оқушыға кітаптарын, ауыстыратын аяқ киімі мен спорттық құралдарын сақтайтын шкаф берілуі тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибе. Осы жобаны мектеп директорлары, СЭС, өрт сөндірушілермен ұзақ талқыладық”, — деді Сағадиев үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, мектептерді шкафпен және ғаламтормен жарақтандыруды жергілікті атқарушы органдар қолға алады.

Министрдің сөзіне жүгінсек, бұл біршама мәселелерді шешеді, әрі оқушылар ауыр сөмке арқаламайтын болады. Екіншіден, мектеп оқушыларын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қарастырылмақ.

“Көптеген мектептерде сапалы ауыз суы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін қала мектептерінде міндетті түрде фильтрлер мен су бұрқақтар орнатпақшымыз. Ондай мүмкіндік болмаса, әсіресе ауыл мектептерінде диспенсерлер қойылады”, — деп атап өтті Сағадиев.

Министрдің айтуынша, мектептердің басым көпшілігі ғаламтор желісіне қосылған.

“Сандық Қазақстан” аясында бұл мәселені толық шешеміз деген үміттеміз. Алайда тағы бір маңызды мәселе – әрбір сыныпта Wi-Fi желісін тарату. Жуық арада Қазақстанның барлық мектептерін құрылымдық кабелдік жүйемен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобаны бастауды жоспарлап отырмыз”, — деп қорытты Сағадиев.

Мектептегі тегін тамақ қайда? Планшет береміз дегені қайда?

Әрине, министр айтқан бұл шаралар қолға алынса оқушы сөмкесін белгілі бір деңгейде жеңілдетер еді. Бірақ халықаралық стандарттағы норманы сонда да игеру мүмкін болмайтын секілді.

Өйткені бұл арада шешімін таппай тұрған екі мәселе назардан тыс қалуда.

Біріншісі – бастауыш мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету жайы әлі шешілмеген. Бұл туралы министр ләм-мим деп ауыз ашпапты. Демек, бастауыш мектептің оқушысы үйінен тамақ таси береді. Сөмкесіндегі бұл жүгі жеңілдемейді.

Екіншіден, кезінде электронды оқулыққа бюджеттен қыруар қаражат бөлінді. Министрлік Қазақстандағы әр оқушы планшетпен жабдықталады деп жар салғанына қай заман? Бірақ ол да сөз жүзінде қалуда. Әзірге мектептерді интернетпен қамту жайы ғана сөз болып тұр. Ендеше салмағы ауыр, пішіні түрлі-түрлі кітаптар оқушыға әлі жүк бола бермек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз