Ауылға қатысты статистика былығының беті ашылды. Осы саладағы цифрларды экономика саласының маманы, сарапшы Меруерт Махмұтова әлеуметтік желідегі жеке парақшасында салыстырып, жекелей есептеп көрсетті.
Оның пікірінше, қалаға қарағанда, ауылда жұмыссыздар аз деген статистика шындыққа жанаспайды. Таза өтірік!
“… 2-3 мың тұрғыны бар ауылды көз алдымызға елестетіп көрейікші. Онда не бар дейсіз? Мектеп, емхана, 4-5 дүкен, қысқаша қайырғанда, 30-35 жұмысшы орыннан басқа түк жоқ. Оған қоса, егін шаруашылығы, бау-бақша дегеніңіз, маусымдық сипатқа ие екенін де ұмытпалық.
Демек, ауылдың тең жартысынан көбі жұмыссыз.
Бірақ бізде оларды өз-өзін жұмыспен қамтушылар қатарына жатқызып тастайды. Цифрға салып кеп жібергенде, қалаға қарағанда, ауылда жұмыссыздар аз боп шыға келеді. Ал өз-өзін жұмыспен қамтушы ауылдықтарды ауылшаруашылығы саласына жатқыза салады. Өйткені ауылда экономика саласының басқа түрі бар ма?..
Міне, осы статистикаға жүгінген, кәдімгідей, басы бар адамдар бізде ауылшаруашылығы өндірісінің өнімділігі төмен дегенді айтып жүр.
Нақтырақ айтқанда, олар 47 процент ауыл халқын еліміздің жалпы ішкі өніміндегі 4,8 проценттік ауылшаруашылығы үлесімен салыстырады ғой…
Шындығын айтқанда, ауылдағы жұмыссыздық мәселесімен шұғылданып жатқан ешкім жоқ. Мұны ауылдықтардың өздері шешуде, онда да қалаға қарай ат басын бұру арқылы…”, – деп жазады Facebook-тегі жеке парақшасында Меруерт Махмұтова.
Жұмыссыздық жайына тоқталған экономика маманы білім мен еңбекпен қамту министрліктерін де сынға алады.
“Білім министрлігі, жоғары оқу орындары, колледждер бюджеттің ақшасына, сол секілді жеке адамның ақшасына балаларды керексіз мамандықтарға оқытады. Олар қазір еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс жоғары, онымен санасып жатпайды.
Еңбек министрлігі жыл сайын жаңа жұмысшы орындары ашылып, оған мамандар дайындалып жатқандығы туралы сыдыртпа баяндама мен есептер жасауға әуес.
Шындығында, ашылған жаңа жұмыс орыны көбіне болмайды, ал оқыған балалар керексіз болып жатады. Сондықтан олар көбіне, мамандығынан бөлек салаға барып жатады.
Тоқ етерін айтқанда, білім жүйесіне өзгеріс керек, негізі.
Білім жүйесін еңбек нарығындағы сұраныстарға бейімдеу керек.
Шағын және орта бизнесті дамытып, жұмысшы орындарды көптеп ашып, бәскелестік еркіндігін қалыптасыру қажет. Сонда жаңа жұмыс орындары өздігінен ашыла береді”, – дейді Меруерт Махмұтова.
https://kaz.365info.kz/auyl-zhastary-auyldan-khala-zhastary-khazakhstannan-khashuda-nege-solaj-256665