Биыл «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасына бір жыл толды. Қарағанды облысының тұрғындары экологиялық тазалық пен көгалдандыруға бағытталған республикалық челленджге белсенді түрде атсалысуда. Қала мен ауылдардың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында өңірде кең көлемді ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін Қарағанды қаласындағы «Алаш» саябағында 100-ден астам ағаш отырғызылды. Акцияға әртүрлі жастағы еріктілер, жастар, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен коммуналдық сала мамандары қатысты. Олар табиғатқа деген жауапкершілікті іс жүзінде көрсетіп, ортақ іске жұмыла кірісті.
«Алаш» саябағы — қала тұрғындарының сүйікті орны. Мұндай шаралар оны бұрынғыдан да көркейтіп, экологияға оң әсер етеді. Бұл — бәрімізге ортақ міндет», — деді қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Әубәкіров.
Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Серік Санаубаевтың айтуынша, мұндай бастамалар әсіресе жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
«Тазалық пен көгалдандыру — бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Осындай шаралар жастарда экологиялық ойлау мен азаматтық белсенділікті арттырады», — деді мектептің өзін-өзі басқару ұйымының президенті Данияр Байдаров.
Қала тұрғындары да аулаларын көгалдандырып, ағаштар мен бұталар отырғызуда. Ал Орталық саябақта бес мың алма ағашынан тұратын бақ отырғызылуда. Қарағанды облысының барлық өңірлерінде осындай экологиялық бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар өңірдегі өмір сапасын арттыруға септігін тигізбек.