Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-7
USD
523
-0.42
EUR
548
-0.97
RUB
5.06
+0.01

Тарақандар – ғарыштан келген барлаушылар ма?

938

Мәселен, оған Чернобыль апатында тағы бір рет көз жеткізілген. Яғни бұл жәндік қандай сұмдық радиацияны да шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ендеше, тарақанның жойылып кетуіне, қазір болжап жүргеніміздей, ұялы байланыстың жоғары толқынды дыбыстары әсер еткені шындық па?

Осынау жаны сірі, көзге сүйкімсіз көрінетін жәндікті қуалап жүріп ұстап алудың мүмкін емесін, тіпті қолға түскен күннің өзінде, дөрекілеу айтқанда, аяқ киімімінің өкшесімен қанша мылжаласа да жаны оңайлықпен шыға қоймайтынын көп қабатты үйдің тұрғындары жақсы біледі. Жоғары жылдамдықтағы камерамен түсірген кезде, тарақандардың бір секунтта бір метрден астам жылдамдықпен зымырайтыны және осы аралықта бағытын 25 рет өзгертіп үлгеретіні анықталған. Бірде-бір жәндік не жануар дәл осындай жылдамдықпен өз жүгірісін басқара алмайды екен. Қысқасы, тарақанның жүйке жүйесі мен мен реакциясының жылдамдығына ешқандай тіршілік иесі ілесе алмайды. Ылдым-жылдам адамның өзі бір секунтта 1 метр 40 сантиметр алатынын ескерсек, тарақанның қаншалықты шапшаң қимылдайтынын біле беріңіз. Өзінің тағы жемейтін бәлесі жоқ: киім, ақша, кітап, сабын, мата, тері, жүн, жиһаз, сия… Дәу жирен тарақан 40 күнге дейін аштықты сезінбей жүре береді екен. 2007 жылы жапон ғалымдары зерттеу жүргізіп, тарақанда адам мен итке тән шартты рефлекс болатынын анықтаған. Бұл пәленің есте сақтау қабілеті де айырықша екен.

Өте сезімтал әрі өсімтал (бір жылда бір жұп тарақан бір миллионға дейін көбейеді) осы бір сүйкімсіз жәндікті көрмегеніңізге көп болғаны анық. Екі аяқты адам тұрмақ, сонау алып динозаврдан да бұрын өмірге келген титімдей жәндік соңғы он-он бес жылда неге толығымен жойылып кетті?! Тап бір кеңес өкіметінің құлағанына қапаланып, саяси жүйенің өзгергеніне қарсылық білдіргендей, 90-шы жылдардың аяғында жым-жылас жоғалып кетті. Қайда кеткені белгісіз. Ас үйінде кенеттен жарықты жағып қалғанда, тым-тырақай безе қашып жоғалатын тарақандарға көз-көңілі әбден үйреніп қалған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі халық қазір бір кездері өздері әбден күресумен шаршаған тарақандардың кенеттен барлық қаладан зым-зия жойылып кеткеніне сенер-сенбесін білмей аң-таң. Кейбір ресейлік және қазақстандық ғалымдар мұны «экологиялық апат» деп дүрліктіріп, Интернет арқылы шу шығарып та жатыр. Биологтар «тарақандарды қалай да қайта оралту керек, Қызыл кітапқа енгізу қажет» деп дабыл қағуда.

Сонымен, тарақандардың із-түссіз құрып кетуіне байланысты оқымыстылардың арасында мынадай-мынадай жорамалдар бар:

  1. Компьютер мен ұялы телефонды жаппай пайдаланудың кесірі.
  2. Генетикалық өңделген тағамдар (ГМО) дастарқанымызда көбейіп кеткендіктен, тарақандардың гені өзгеріп, көбеюден қалған (Адамдарға да осындай қауіп төніп жүрмесін деңіз).
  3. Экологиялық қауіпті материалдардан жасалған жаппай еврожөндеу әсер еткен. Яғни пластмассадан жасалған жиһаз, обой, линолеум, желім, бояу секілді қытайда жасалған заттардың иісінен безіп кеткен.
  4. Ғаламдық жылынудың әсерінен аса сезімтал жәндіктің биоырғағы бұзылып, мутантқа айналған.
  5. Тарихта алапат өрт пен жер сілкінісінің немесе Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында тарақандардың қалаларды асығыс тастап үдере көшкені көптеп тіркелген. Теңіз апатын ерте сезініп кемелерді тастап қашқан. Бізді де сондай бір апат күтіп тұруы мүмкін (бетін аулақ қылсын).
  6. Уфологтардың айтуынша, тарақандар – ғарыштан келген барлаушылар. Яғни о баста өзге галактикадан Жерге құпия мақсатпен жіберілген. Адамзат жайында ұзақ жылдар бойы ақпарат жинап, миссиясын аяқтаған соң, енді өздерінің отанына – өзге планетаға қоныс аударған.
  7. Шіркеу қоңыраулары мен мешіттегі азан дауыстарының көбеюінің де залалды нәрселерді, оның ішінде тарақандарды үркітуге әсері бар.

Сонымен, жоғарыдағы жорамалдарды жеке-жеке алып қаралық.

ГМО-азық-түліктің адам организміне әсері жөнінде ғалымдардың айтыс-тартысы әлі күнге толастамай тұр. Біреулері оның зардабын болашақ ұрпақ тартады десе, біреулері адамға түк те зияны жоқ деп тақылдайды. Бәріне уақыт төреші.

«Тарақандардың жойылып кетуі, біріншіден, жаңадан шығып жатқан неше түрлі улы химикаттарды көптеп пайдаланудың әсері» дейді кейбір оқымыстылар. Әсіресе өткен ғасырдың 90-шы жылдары Қытайдан келген құрамы белгісіз қара бояудың әсері дейді.

Тарақанның жойылып кетуіне тұрғындардың өркениетке, санитарлық тазалыққа ден қоя бастауы әсер етті дейтіндер бар. Адамдар пәтеріндегі қоқысты бұрынғыдай шелекпен емес, арнайы қоқыс пакетпен шығаратын болды Азық-түлік қоймалары мен дүкендерде тауарлар арнайы қаптамамен қойылады, сатылады дегендей. Оның үстіне еурожөндеуден өткен көп қабатты үйлердің, студенттік жатақханалардың, ауруханалардың подъезіндегі бұрынғыдай қоқыс тастайтын орындар (тышқан мен тарақанқа жайлы жер) жойылған. Қазір не көп – ғимаратты кеміргіштерден тазартатын фирмалар көп. Бір қызығы, тарақандарды улау кезінде, жаны сірі жәндік қорғаныс ферментін бөліп шығарады екен де, ол адамдарда аллергия тудырады екен. Ал енді қазір аллергиямен ауырмайтын адам – сиректің сирегі. Бәлкім, соның бәрі әлгі химикаттарға қарсы қорғаныс ферментін бөлетін тарақандардың әсері болып жүрмесін.

Сонымен бұл – Қазақстанда тарақан атымен жойылып кетті деген сөз емес. Алматыда 2002 жылдан бастап көзге түспегенмен, соңғы кезде экологтардың ішінде тарақанды ұшыратқандарын айтып жүргендер бар. Жалпы, жер бетінде төрт мыңға жуық түрі бар тарақанның саны соңғы жылдары әлемнің қай елінде болса да күрт қысқарған.

Энтомологтар тарақанның жоғалуын соңғы жылдардағы атмосфераның ерекше ластануынан, климаттың өзгеруінен көреді. Ғылыми-техникалық прогрестің қарқын алуының нәтижесінде диоксин секілді улы химикаттардың бұрын болмаған жаңа түрлерінің пайда болуы әсер етті дейді. Тіпті кеңес заманындағыдай емес, қазіргі жылыту маусымының нашарлығынан тарақандар өсіп-өнбей қалды, артынан жоғалды дейтіндер де бар.

Тарақандардың жойылып кетуіне сымсыз байланыс құралдарының жоғары толқынды дыбыстары бірден-бір әсер етті дейтінге келейік. Ресейде байланыстың GSM және GPRS деген бұрынғы түрлерінің арқасында тарақандар өз-өзінен жойылып кеткенін ғалымдар дәлелдегендей болғаны рас. Оған олар соңғы үлгідегі (UMTS и CDMA 2000) байла­ныс­тық-ақпарат алмасу құралдары орна­тылған өзге дамыған мемлекеттер аумағында тарақандардың әлі де бар екендігін дәлел ретінде алға тартады. Әр үйде кездесетін микротолқынды пештің де әсері болуы мүмкін дейді. Тарақанға ядролық бомба да әсер етпейтінін жоғарыда айттық. Ендеше, тарақандардың жойылып кетуіне сымсыз байланыс құралдарының жоғары толқынды дыбыстары әсер етті деудің өзі – даулы мәселе.

Альберт Эйнштейн: «Егер бал аралары қырылып қалса, шамамен төрт жылдан соң адамдар да қырылады» депті кезінде. Оны жарықтықтың неге сүйеніп айтқаны белгісіз. Әңгіме бал арасы турасында. Дегенмен тарақанның жойылып кетуінде де адамзатқа қатысты бір гәп жатпасын.

Тарақанның отаны оңтүстік Азия саналады, ХVIII ғасырда Еуропа мен Солтүстік Америкаға апарылып, сол жерде кең жайылып кеткен деседі. Минус 5 градустан асатын суықта тарақандар үсіп өледі, сондықтан суық солтүстік климатта олар тек жылы үйлердің қуыстарын мекендеп өмір сүреді.

Ертеде славян халықтары жаңа үйге кірерде қара түсті тарақанды өзімен бірге ала жүреді екен. Үйге бақыт әкеледі деп сенген. Онысын қайдам, бірақ қайбір жылы осы титімдей тарақанның АҚШ-тағы Ақ үйді дүрліктіргені бар. Сөйтсе, жыланның аяғын көрген жапондар тарақанға чип түріндегі микроқондырғы орнатқан екен де, сол арқылы Пентагонның құпиясынан хабардар болып отырыпты. Айтпақшы, сол жапон елінде біздің үйде ит пен мысық асырайтынымыздай, арнайы түрде тарақан ұстау сәнге айналған. Супермаркеттерде ұзындығы 9 см болатын алып тарақандар қорапшасымен қоса сатылады екен.

Әйтеуір тарақанның көрінбей кеткеніне байланысты ғалымдардың басын қатырған жорамал көп. Алла Тағала есепсіз ештеңе жаратпағанын ескерсек, динозавр заманынан бермен келе жатқан тарақанның да сұрауы бар ендеше.

Төреғали ТӘШЕНОВ, TazaEl.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз