Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Талғат Теменов: «Қазіргі қазақ киносы әдебиеттен алшақтап кетті. Бұл оның соры…»

287

Қарауға тұрмайды. Желге ұшқан қайран ақша дейсің. Сондайда «режиссерлер неге жазушылардың кітаптарына үңілмейді. Киноға лайық небір ғажап туындылар сонда жатыр ғой» деген ой келеді.

Алайда біздің режиссерлердің қазақ жазушыларының шығармаларына тісі батпай ма, әйтеуір ойдан құрастырып, шалдыр-шатпақ дүниелер жасауға құмар. Әдебиетінен ажыраған кино еліне қызмет ете алмайды. Халықтың жүрек қылын тербейтін жанына жақын кинотуындысын жасау үшін алдымен ұлттық фольклорға, тарихқа, әдебиетке терең бойлау керек емес пе?

Бүгінгі күні режиссерлердің әдебиетшілермен қоян-қолтық жұмыс істеуі мүлде тоқтаған. Осы мәселе жөнінде белгілі режиссер Талғат Теменов бір сұхбатында былай деген екен:

«Қазақ киносы мен әдебиетінің арасында байланыс жоқ. Кезіндегі киноларымыз әдебиеттен алыс емес еді. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», М.Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қараш-қарашы» талай ұрпақты тәрбиеледі. Әдебиет арқылы үздік фильм түсіру бүгінде ұмыт қалған. Осыны қайта қолға алатын кез жетті. Жоқтан өзгені құрап, әлсіз кино жасағаннан гөрі, қолда бар жауһарларымызды пайдаланайық. Әдебиетке, жазушы-ақындарға, олардың жазғандарына жақындайық.

Бүгінгі қазақ киносының пұшпағын илеп жүрген режиссерлердің арасында қазақ тілінде кітап оқитындардың саны 10 саусақтан аспасы анық.

Барлығы дерлік қазақ әдебиетінен ада, немесе аударма арқылы оқығандар. Ұлттың әдебиет өкілдерінің поэзиясы мен прозасын оқымақ түгілі, атын естімеген режиссер әдебиетшілермен қалай жұмыс істей алсын? «Қазақфильмнен» С.Көбеевтің «Қалыңмалын» оқыған үш режиссер тапсаңыз, қуаныңыз. Әдебиеттегі ірі шығармалардан жасалған киноларымыздың саны әрі ұзаса, он-шақты ғана. Бір ғана М.Әуезовтің «Қараш-Қараш», «Абай», «Көксерек», «Қаралы сұлу» шығармалары ғана экранға кино ретінде ұсынылды. Оралхан Бөкейдің әлемі бір бөлек, кез-келген шығармасы киноға сұранып тұр. Сайын Мұратбековтің шығармалары да қысқа да нұсқа, кино түсіруге ыңғайлы. Қазақ әдебиеті әлі мұрты бұзылмаған айсберг десе болады. Қазақ киносы әдебиеттен алшақтап, өз алдына бояусыз, сүреңсіз өмір сүріп келе жатыр. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен қазақ киносы бастары түйіспейтін теміржол рельсін көз алдыңызға әкеледі. Кеңестік кезеңде О.Сүлейменов бас болып бірнеше жазушылардың шығармаларына фильмдер түсірілген болатын. Бірақ ол кезде фильм түсіретін режиссерлердің сапасы жақсы болмады, бармақ басты, көз қыстымен талай дүние шалағай шықты.

Мен – өзгелерге қарағанда жаза білетін адаммын.

Өзі сценарий жазып, фильм түсіріп жүрген қазақта үш-ақ адам бар. Олар – Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсынов және Талғат Теменов.

Басқалары анадан-мынадан алғандарды құрастырып жүр. Аты кино, әсері әлсіз дүниелердің ғұмыры ұзаққа бармайды».

Иә, Теменов мырза осылай дейді. Қазақ киносына жаны ашитын азаматтың ақжарма сөзі. Бұған сөз жоқ, қосыласың.

Ал сіз не дейсіз оқырман?

Ақшарқат Ахметбек

Фото: yvision.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз