Алматы қаласы Медеу ауданындағы №33 мектеп-лицейде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толуына орай «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты тақырыпта желтоқсандықтармен кездесу болып өтті.
Желтоқсандықтармен кездесу оқушылардың Тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақтың ұлы тұлғаларына, ата – баба тарихына деген құрметін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына 1986 жылғы желтоқсанда орталықтың әміршіл-әкімшіл, солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп, демократия жолында құрбан болған ұл қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік беріліп, жастардың алаңға не себепті, қандай мақсатпен шыққаны айтылды.
Кеш барысында 9 «б» сынып оқушыларының арнайы тарихи оқиғаға жасаған слайдтары көрсетіліп, баяндама оқылды. Келген қонақтарға оқушылар өз сұрақтарын қойып, тілектерін айтып, өз ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында №33 мектеп – лицей оқушыларының шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Мектеп директоры Қазиева Назгүл Алдабергенова мектепке келіп, шәкірттерге болған оқиға жайлы айтып, оқушылар сұрағына жауап беріп, пікір алмасқаны үшін кеш қонақтарына мектеп-лицей атынан ризашылығын білдірді.