Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Гүленнің кінәсі дәлелденсе, Қазақстандағы түрік лицейлері жабылуы керек – дінтанушы

123

«Дін мен діл» атты екі томдық кітабымда сәләфиттердің қателіктерін әшкерелеп, ханафи мәзһабы мен мәтуруди ақидасының дұрыстығын, Қожа Ахмед Ясауидің сопылық жолының шариғатқа қайшы емес екендігін дәлелдеуге тырыстым. Бұл оларға ауыр тиді. Тіпті, Елбасының тікелей қолдауымен ашылған «Ислам және білім» қорының қаржыландыруымен неше рет басылып, тегін таратылған осы кітабымды көрген жерлерінде жоюға тырысқандықтарына да куә болдым.

Олардың негізсіз қаралау әрекеттері менімен шектеліп отырған жоқ. Бүгінде сәләфилермен белсенді күресіп жүрген Ерсін Әміре мен Арман Қуанышбаев, Сансызбай Шоқанов, Ризабек Батталов секілді білікті мамандарды да қаралап, оларды шиит, хабашит жасап жүргендер де осы сәләфиттер.

Мені біресе, Мысырдағы көтерілісті ұйымдастырған Юсуф Қардауидің шәкірті, мемлекетке қарсы адам десе, енді бірде Нұршы-Гүленші деп айыптады.

Ешбір дәлелсіз арнайы тапсырыспен жазылған бұл сүйкемелердің авторларының кім екенін де, қай ауылдан есіп тұрғанын да жақсы білемін. Рас, докторлық диссертациямды жазып жатқан соңғы үш жылда бұлардың мені қаралауы бәсеңсіді. Алайда кешегі Ақтөбедегі оқиғадан кейін сәләфилерді заңмен тыйым салу керек деген ұсыныстарымнан соң бұлардың маған шабуылы қайта басталып кетті.

Бірақ бұл жолы айтарға ешнәрсе таба алмағаннан кейін бұрынғы жаздырған шимайларын желілерге күмпілдетіп қайта салып жатыр.

Ашығын айтайын мен Гүлен жамағатының Қазақстандағы көсемі де, белсенді мүшесі де емеспін. Бірақ олар жайлы объективті пікірдемін.

Құранда: «Қандай бір қауымға (топқа, руға, жамағатқа, ұлтқа) деген дұшпандықтарың сендерді оларға қарсы әділетсіздікке итермелемесін» -делінеді.

Исламды балақ пен сақалдың деңгейіне түсіріп, дінді сыртқы пішінмен ғана шектеп, діндарлықты жаттанды шаблондармен сөйлеу деп түсінетін, елдің ішіне іріткі салудан басқа мақтанатын істері жоқ сәләфилер мен Сібірден бастап, Африкаға дейін, жаңылыспасам, әлемнің 160 мемлекетінде мыңнан аса мектеп ашып, ағартушылықпен айналысып жатқан Гүлен жамағатын бір деңгейге қоя алмаймын.

Гүленнің ақидасы мәтуруди, мәзһабы ханафи екендігі мәлім. Ал оның жамағаты болашақта мемлекетімізге қауіпті ме? Оны мемлекетіміздің құрығы ұзын құзырлы орындары анықтауы тиіс. Менің осындай объективті көзқарасым үшін мені “гүленші” дейтіндер де табыла кетер. Кімнің аузына қақпақ боласың?!

Кешегі Туркияда болған мемлекеттік төңкеріске ұмтылу әрекеті Гүленмен байланыстырылып жатыр. Ал Гүлен: «Менің ешқатысым жоқ. Халықаралық деңгейде бейтарап комиссия құрылып, төңкеріс әрекетіне менің қатысымның бар-жоқтығы анықталсын , нәтижесі нендей болса да, мен оған ризамын. Егер менің қатысымның бар екендігі анықталса, бұл жерден мені ешкімнің алып кетуінің қажеті жоқ, өзім билет алып, өз аяғыммен барамын» – деген ұсынысын айтты.

Гүленнің ұсынысы бойынша халықаралық комиссия құрылып, оның қатысы бар екендігі расымен де дәлелденіп жатса, онда ешкімнің көз жасына қарамастан Қазақстандағы лицейлерін жабу керек.

Жастарымызға керемет білім беріп жатқандықтары оларды ақтап ала алмайды. Мемлекетіміздің қауіпсіздігі бірінші орында болуға тиіс!»

Қайрат Жолдыбайұлы, Фейсбуктегі жеке парақшасындағы жазбасы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз