Жұмыс істеп табыс тауып жүрген студенттер де 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
«Студенттер әлеуметтік төлем ала деген де сұрақ келіп жатыр. Бұл ретте студенттер деген бөлек санат жоқ. Себебі ол – еліміздің кәмелеттік жасқа толған азаматы. Еңбек заңына сәйкес, 16 жастан бастап жұмыс істеуге болады. Шәкіртақы алатындығына, алмайтындығына қарамастан жұмыс істеуіне еш кедергі жоқ. Ондай шектеу де қойылмайды», – деді министр.
«Мейрамханаларда даяшы, дүкендерде сатушы болып жұмыс істейтіндер бар. Олар ресми және бейресми жұмыс істеп жүр. Сондықтан студенттерге жалпы барлық азаматтарға бірдей тәртіп тарайды. Егер ресми жұмыс істесе, жұмыс беруші береді. Ал өз бетінше ақша тауып жүргендер болса, өтініш берулері қажет. Бірақ, одан бір күн бұрын бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі керек. Сол кезде әлеуметтік төлем алады. Біз шәкіртақы алатындығын не алмайтындығын тексеріп жатпаймыз», – деді Біржан Нұрымбетов.