Солтүстік Қазақстанда ет соятын мал орындары толық қуатымен жұмыс істей алмай жатыр. Өйткені шикізат жеткіліксіз.
Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтанов Бескөл ауылындағы «Загот Интер» ЖШС-нiң еттi қайта өңдеу цехының жұмысымен, «Қызылжар су» ЖШС мен «Петропавл жылу желiлерiнiң» екiншi сатыға көтеру сорғы станциясында өткiзiлген қайта құру жұмысымен танысты, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алайда серiктестiк басшысы Шуми Ысқақованың айтуынша, шикiзаттың аз болғанынан серiктестiк толық қуатында жұмыс iстемейдi. Мұнда тәулiгiнде 80 бас iрi қара мал, 130 бас ұсақ қара мал, 50 бас жылқы мен 100 шошқаны соя алады. Өнiмдi сақтау үшiн немiс тоңазытқыш агрегаттары мен компрессорлар сатып алынды. Өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов тиiстi органдарға ауыл шаруашылығы кооперативтерiнiң құрылуы есебiнен малды сою цехтарын шикiзатпен қамтамасыз ету мәселесiн шешудi тапсырды.
«Бiздiң шикiзаттың өзге облыстар мен елдерге кетуiн болдырмау қажет. Шикiзат жеткiлiктi, тек бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет», – дедi облыс әкiмi.
Кейiн Ерiк Сұлтанов «Қызылжар су» ЖШС-не барды. Серiктестiк 2014 жылдан бастап нысандарды сумен жабдықтау және су тартуды жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның құны 11,4 млрд. теңге. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 2017 жылдың басына дейiн су тартқыш желiлерiнiң тозуын 72 пайызға дейiн және су өткiзу желiлерiнiң тозуы 62 пайызға дейiн төмендетiлдi. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. 2017-2021 жылдарға арналған инвестициялардың көлемi 7,2 млрд. теңгенi құрайды немесе 69 шақырым желiлер қайта құрылады. Жаңғырту аяқталған соң, су тартатын желiлердiң тозуы 59 пайызға дейiн, кәрiз желiлерi 49 пайызға дейiн төмендейдi.
Кейiн Ерiк Сұлтанов «Петропавл жылу желiлерi» ЖШС-нiң жұмысымен танысты. Өткен жылы жылулық оқшауламаларды, құбыр желiсiн қалпына келтiру, жылу магистральдарын қайта құру жұмыстары жүргiзiлдi. Осы уақытқа дейiн барлық әлеуметтiк нысандар мен көппәтерлi тұрғын үйлер жылумен толық қамтамасыз етiлген.
Үстiмiздегi жылы серiктестiк 13 шақырым жылу желiлерiн ауыстыруды жоспарлап отыр. Жылу магистральдары мен таратқыш желiлердiң құрылысы мен қайта құру жұмыстары жалғасатын болады.