Солтүстік Қазақстан облысында буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін мектептер мен балабақшаларға жасанды интеллект енгізілді. Pkzsk.info мәліметінше, жаңа жүйе нақты уақыт режимінде агрессивті мінез-құлықты байқап, қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
«Петропавл қаласындағы 6 мектеп пен 1 балабақшада «PROTECTOR AI» жасанды интеллект жүйесі орнатылды. Бұл технология агрессия белгілерін бірден байқап, жауапты қызметкерлерге белгі береді», — деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Әли Саттар.
Прокуратураның айтуынша, жүйе өзінің тиімділігін дәлелдей бастаған. Енді оны облыстың барлық оқу орындарына енгізу жоспарда бар. Болашақта мектептерде эмоцияны талдай алатын жетілдірілген жүйе де қолданысқа енгізілуі мүмкін.