Қазақстан Қырғызстанмен шекарада ЕАЭО кеңістігінің экономикалық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігін қорғап отыр.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ташкентте ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында мәлім етті. Аталған жиында Қазақстан-Қырғыз шекара аумағындағы бақылау мәселелері талқыланған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының бес принципті бағыт бойынша сындарлы ұстанымына үміт артады.
Біріншіден, салықтық әкімшіліктендіру бойынша Қырғыз Республикасы ұлттық заңнама нормаларын ЕАЭО құқығымен сәйкестендіруі керек.
Екінші: заңсыз экспортқа, оның ішінде контрафактілік өнімдердің экспортына қарсы іс-қимыл», – деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысы назар аудартқан үшінші мәселе – ЕАЭО талаптарын сақтау үшін қырғыз тарапының тауарларды тұрақты және тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық (карантиндік) бақылаумен қамтамасыз етуі.
“Төртінші: Қырғыз тарапы экономикалық одаққа мүше елдердің көліктік заңнамасын бұзудың алдын алу және ескерту бойынша шара қабылдауы шарт. Бесінші: контрабанда мен қазақ-қырғыз шекарасы арқылы есірткі заттарын, қару-жарақ, оқ-дәрі және өзге де тыйым салынған заттарды заңсыз тасымалдауға жол бермеу. Осылайша, біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ғана емес, ЕАЭО кеңістігінің экономикалық мүдделер мен экономикалық қауіпсіздігін қорғаудамыз», – деп толықтырды Премьер өз сөзін.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғыз шекарасында ЕАЭО заңнамасының нормалары мен талаптарына толық сәйкес келетін тексеру мен бақылау реттілігі орнаған.
«Біз екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен шекаралық, көліктік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшіліктендірудегі өзара әрекеттестік мәселелері бойынша сындарлы диалогқа дайынбыз. Алдағы уақытта да қырғызстандық әріптестерге ЕАЭО құқығы мен нормаларына бейімделуге көмек көрсетуге әзірміз», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Еске сала кетсек, бүгін Ташкентте өтіп жатқан ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Қырғызстан үкіметінің басшысы Сапар Исаков күтпеген жерден Қазақстанның Қырғызстанға қатысты 2011 жылы 18-қазандағы ТМД еркін сауда аймағы туралы шартты толық орындамағанын мәлімдеді.
Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қырғыз тарапының мәлімдемесін орынсыз деп атады.
«Аталған мәселе бойынша біздің мемлекеттік ұстаным баршаға мәлім. Ол Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің ортақ экономикалық кеңістігін құру идеологиясына толық сәйкес келеді және Одаққа қатысушы-елдердің экономикалық шығындары мен қауіп-қатерлерін азайтуға бағытталған», – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі. – «Біз Қырғызстан үкіметін Еуразиялық Экономикалық Одақ аясындағы өз міндеттерін растауға және Қырғыз Республикасының өз міндеттемелерін имплементациялауға шақырамыз. Бұл тақырыпты үнемі ашық айтып келеміз және мәлімдемеміздің қырғызстандық әріптестерге жеткенін қалаймыз», – деді Сағынтаев.
Сондай-ақ, Премьер-Министр Қазақстан Үкіметінің қырғызстандық тараптың сындарлы ұстанымына үміт артатынын атап өтті.