Қаңтардың 23 күні Астанада Сирия бойынша келіссөздер өтеді. Аталған кездесу қаншалықты нәтиже береді және бұдан біздің елге қандай пайда бар?
Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахмановтың айтуынша, бұл жиынға Ресей, Түркия және Иран мемлекеттері қатысады. Ал АҚШ болса, Астанадағы келіссөзге қатысуға құлық танытып отырған жоқ. Әлемдегі алпауыт мемлекет саналатын Америка ықылас танытпағаннан кейін, Сирия мәселесі оң шешілуі мүмкін бе?
Оның үстіне, Сириядағы кейбір оппозицияшыл топтардың Астанадағы келіссөздерге қатысу-қатыспауы әлі белгісіз болып отыр.
– Астанада Сирияға байланысты келіссөздер жүргізуге Түркия мен Ресей және де Иран мүдделі болып отыр. Бітімгерлік жиынның Астанада өтуіне АҚШ та қарсы емес. Бірақ Америка тарапы Астанадағы жиыннан кейін, қандай да бір оң нәтиже шығатынына сенбейді.
Себебі, Америка Астанадағы жиынды Асадтың режимін сақтап қалу үшін ұйымдастырылып отырған басқосу деп есептейді.
Негізі, Сирия мәселесі бойынша төрт мемлекеттің позициясы бір біріне қарама-қайшы. Мәселен, Түркияны өз қауіпсіздігі алаңдатады. Өйткені күрдтер мәселесі – Түркияның жанды жері. Ал Ресей мен Иран үшін Башар Асадтың режимін сақтап қалу маңызды. Американың мақсаты – Асадты биліктен қуып, өзіне ыңғайлы адамды басшылыққа әкелу болып отыр. Осындай бір біріне кереғар ұстанымдағы мемлекеттердің ымыраға келе қоюы өте қиын, – дейді Әзімбай Ғали.
Саясаттанушының айтуынша,
Сириядағы дағдарысқа байланысты келіссөзді басқа жер емес, Астанада өткізу – қазақ билігінің бір абырой жинап қалу мүмкіндігі.
Бірақ дейміз, діни радикалдардың назары енді Астанаға ауып, олар біздің елде теракт жасап жүрмей ме, деген сауал қылтияды.
– Астанадағы келіссөздер нәтиже берсе де, бермесе де – бұл біздің билік үшін абырой болады. Осы арқылы, еліміз бейбітшілікті қолдайтын мемлекет ретінде өзін әлемге тағы бір танытып қоймақ.
Бірақ мұндай деңгейде келіссөздер ұйымдастыру – бір жағынан, үлкен шығын.
Әйтсе де бұл ізгі бастама қауіпсіздігімізге кепілдік береді. Бейбіт елге шабуыл жасау қиын. Бірақ өзара қақтығысып жатқан күштердің арасында бандиттік бағыт ұстанатын қауіпті топтар бар. Бізге сақ болу керек. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кейбір жауынгерлер қан кешіп жүргеннен кейін кәдімгі маньякқа айналып кеткен екен. Оларды Мәскеуге шақырып алғаннан кейін, атып тастаған көрінеді. Сириядағы діни радикалдар мен олардың қарсылас топтары да қазір қан кешіп жүр. Сондықтан бізге өте сақ болуы керек, – дейді саясаттанушы.
Әрине, әлемге бейбітшілікті сүйгіш ел ретінде танылғанымыз жақсы шығар.
Алайда мүйіз сұраймыз деп бастан айырылып жүрмейміз бе?