Шымкенттік ау райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбай қараша айы мен биылғы қыстың қалай болатынын айтып берді.
“7-9 қараша аралығында жаңбыр жауады. 15-20 қараша және 27-29 қарашада жаңбыр жауып, арты қарға айналады. Осы күндер арасында күн 10 градусқа дейін,кей жерлерде 15 градусқа дейін жылы болады”, дейді.
Ал алдағы қыс ұзақ әрі қатты болатынын айтады.
«Халқымыздың өмірден алынған мақал-мәтелдері бар. Өліара, тоғыс кезінде күн суытатынын айтады. Болжамдарымды осы табиғат құбылыстарына және «Ескі айдың 20-сы құр кетпейді» деген болжамдарға сүйеніп жасадым.
Ал қыстың қалай болатынын жаздағы өткен аптап ыстықтардың 6 ай 6 күннен кейін суық болып оралатынымен есептеп алып отырмын. Жаздың ұзақ болғанын, жылы күндердің қазан айына дейін созылғанын ескерсек, қыстың ұзақтау болатыны содан білініп тұр», – дейді болжамшы.
Нұрғабыл Қозыбайдың осы орайда күздік бидай егуді ойға алған шаруаларға да айтары бар екен. Бұған қатысты ол былай дейді:
«Қазақтың бұрынғы ауа райын болжаушылары ыстық пен суықтың 6 айда айналып келетінін білгені сияқты құрғақшылық жылдардың да 4 жылда бір айналып соғатынын аңғарған.
Табиғат заңына құрылған осы болжамға сүйенсек, алдағы 3 жылда құрғақшылық болмауы тиіс. Яғни биыл, 2018-жылы Түркістан облысының таулы аумақтарынан басқа аудандарында құрғақшылық болды.
Енді ол 2022-жылы айналып келеді. Демек, алдағы жылы құрғақшылық болмайды. Өңіріміздің шаруалары күздік бидайды алаңсыз еге берсе болады».