Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Шолпан ауылындағы 6-сынып оқушысы сары аурудан көз жұмған.
Бұл туралы “Хабар-24” телеарнасы хабарлады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ес-түссіз Үржардағы орталық аудандық ауруханаға түскен 13 жастағы жеткіншек кеше қайтыс болыпты.
«Гепатит А» жұқпалы ауруымен ауырған оқушылар саны күн санап артып келеді, олардың саны 40-тан асып кетті», – дегенді айтып, дабыл қағып отыр.
Тағы бір 7 жастағы оқушы ауыр халде көршілес Аягөз ауданындағы орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне түскен. Қазір оның жағдайы түзеліп қалыпты. Дегенмен халық ауыл мектебінде 2 ай бұрын тіркелген ауруға қатысты тазалау, сақтандыру және ауырған балаларды емдеу шараларының дұрыс жүргізілмегеніне наразы. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл жағдайға байланысты комиссия құрылып, мәселе зерттеліп жатқанын айтуда.
Естеріңізге сала кетейік, қазанның 11-і күні ресми тіркелген ауру бала саны 4-еу болатын.