Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
6
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Шығыс Қазақстанда бір топ адамды бір мезетте жұмыстан шығарып жіберген

Жұмыстан шығарылғандардың ең үлкені 62 жастағы Виктор Тұрлыбаев. Ол өткен жылдың наурыз айынан бастап бұрын жұмыс еткен кен-байыту кәсіпорынының құрамынан қазіргі жекеменшік «Дорстрой материал ХХI» атты аутсорсинг мекемеге өтіп, бетонмен толтыру кешенінде еңбегін жалғастырады. Алайда толық 1 жыл өткен соң жұмыссыз қалып отыр.

Виктор Тұрлыбаев, кәсіпорынның бұрынғы жұмысшысы:

– Бір жыл істеген соң әй-шәй жоқ жұмыстан қуып шықты. Зейнетке шығуыма 1 ғана жыл қалып еді, оған да қарамады. Жағдайымды айтып едім, басшылардың ешқайсысы міз бақпады.

Виктор сияқты жас-кәрісі бар 13 адам жұмыстан шығарылды. Олардың жартысы басқа жұмыс іздеп кетсе, қалған жартысы кәсіпорынды сотқа беруді жөн санапты. Қазір бума-бума қағаздарын арқалап құзырлы органдар арасында сенделуде. Айтуларынша аталған кәсіпорында тіпті қарапайым еңбек талаптары орындалмаған. Ал ол туралы айтқандар «жұмыстан шығарылғандар» тізіміне еніп отыр.

Дүйсенбай Демесінов, кәсіпорынның бұрынғы жұмысшысы:

– Жұмыс беруші еңбек шарттарын барынша жақсарту керек емес пе. Ал бұл жерде бәрі керісінше жағдайымыз қиындап кетті. Ол туралы облыстық еңбек инспекциясына шағымданып едік, олар бұл кәсіпорнның орталық кеңсесі Қарағандыда деп, барлық тізгінді сол жаққа берді. Бірақ біз жұмысшылар осы жақтамыз ғой.

Кәсіпорын басшылығы бізге бастапқыда қандай да бір пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тарты. Тек бірнеше сағаттан соң ғана өз нұсқаларын айтып, барлығын заң жүзінде атқарып жатқандарын алдыға тартты.

Ольга Левина, «Дорстрой материал ХХI» ЖШС кадрлар бөлімінің инспекторы:

– Жұмысшылар 2017 жылдың 1-наурызында біздің қарамағымызға өтті. Еңбек келісім-шарты бойынша осы жылдың 28-ақпанына дейін ғана бізге жұмысқа алынған. Сол себепті біз бұл кісілерді жұмыстан шығарып отырмыз. Ешқандай заң бұзушылық жасап отырған жоқпыз деп санаймын.

Алайда жұмысшылар еңбек келісім-шартында ешқандай нақты мерзім көрсетілмеген дейді. Қазір екі тарап келісу комиссиясында бас қосып өзара түсінісуге тырысып жатыр. Егер бұл комиссия шешімімен жұмысшылар өз орындарында қалса, дау сотқа дейін жетпей шешілуі де мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз