Атамекеніне оралып, Қытайдан Қазақстанға көшіп келмек болғанда шекаралық тексеру кезінде 50 мың долларға жуық бар жиған-терген ақшасынан айырылып қалған қандасымыз Гүлжан Мәуітханқызына қатысты апелляциялық сот отырысы 1-ші маусым күні Өскемен қаласында өтті. Сот шешімі бүгін шығады.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты жалғызбасты әйелді 234-бап бойынша айыпты деп таныған. Тек, оның ұлы Әділбек Мұхташқа тиесілі 10 мың АҚШ доллары ғана қайтарылатын болғанымен Әділбектің және Гүлжан Мәуітханның туған інісі Мұқият Мәуітханның үстінен: “Тергеу кезіндегі жауабы мен сот отырысындағы сөзі екі бөлек болды” деп қылмыстық іс қозғаған болатын. Сондай-ақ, 68 мың теңге айыппұл салып, қалған 40 мың долларды мемлекетке кіріс ретінде шешкен еді.
10 сәуір күні Гүлжан Мәуітханқызы Зайсан аудандық сотының шешіміне келіспей, ШҚО сотына апелляциялық шағым түсірген болатын. Осы шағым бойынша 1 маусымға белгіленген сот отырысында барлық жәбірленушілерден жауап алынып, соттың шешімі кеше кешкі 17.00-де жариялануы керек-тін.