Алматы облысындағы шаруа қожалығының басшысы Әбен Тайжанов өзi күтiп-баптап отырған жердi шаруаларға меншiгiне сатып алуына мүмкiндiк беру керек деп есептейдi.
Бұл туралы ол Алматы облысында өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысы барысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Жерiмiздi паймен алып, жұмыс iстеп жатырмыз. Мен неге ол жердi сатып ала алмаймын. Сол жерде атам, әкем, одан кейiн өзiм, қазiр шетелде оқыған балаларымды алып келiп, жұмыс iстеткiзiп жатырмын. Мен неге ол жердi алмаймын?! Соңғы екi жылда қызылша қайтадан өндiрiске енгеннен берi, тiптi, керемет болды. Ертең елдiң бәрi бау-бақшасына қызылша егiп, зауытқа бередi», – дейдi Әбен Тайжанов.+
«Бiз «асфальтта өскен» балалар емеспiз, сол қызылшаның түбiнде ер жетiп, болашағымызды ойладық. Менiң ойымша, 49 жылға жалға берiп жатқан заңның аясында әлi де жұмыс iстеу керек. Ал шамасы келiп жатқандарға жердi сатып алуына мүмкiндiк берiлуi тиiс»
– дейдi ол.
Шаруа қожалығының басшысы ауыл шаруашылығына жаңа озық технологиялар енгiзу үшiн шетелдiктермен бiрге жұмыс iстеу керек деп есептейдi.
«Мен итальяндықтармен қызылша өсiру бойынша екi жыл жұмыс iстедiм. Бүкiл жақсы технологияларды Ескелдi ауданына әкелдiк. Ал бүгiнгi таңда 135 млн теңгеге техниканы жалға алып, қызылша өсiру бағытында жұмыс iстеудi бастадым. Ертең 500-600 центнер көлемiнде түсiм алуды көздеп отырмын. Ал бiздiң ауданда қазiр 750-800 центнерге дейiн жетiп отыр. Шетелдiктерге жалға беруге қорықпаған жөн. Олар жаңа технология әкеледi, ал жер, техника бiзде қалады»,
дейдi шаруа.
Айта кетейiк, Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерiнiң Алматы облысының жұртшылығымен кездесуi өтiп жатыр.