Қазақ әншісі Димаштың есімі Андромеда галактикасындағы жұлдызға берілетін болды.
Аспан көгіндегі жұлдызға Димаштың аты берілетіні туралы ақпар Weibo әлеуметтік желісіндегі фанаттар тобының парақшасында жария етілді, – деп хабарлады ҚазАқпарат.
Ондағы мәліметке сүйенсек,
жанкүйерлер америкалық Name A Star Live жобасы арқылы бір жұлдызды сатып алып, оны Димаш Құдайберген деген атаумен арнайы картаға енгізген.
Сондай-ақ, бұл жұлдыз атауын Space Service INC (SSI) тізіміне де бекітіп қойыпты. Ал ол тізім SSI-дің ғарыштық мұрағатында өмір бойы сақталып тұрады.
“Ең жарық жұлдыз біздің сүйікті әншіміз Димаш үшін” деп жазды “Димаштың әпкелері” парақшасында.
Андромеда шоқжұлдызы — ІІ ғасырдағы әйгілі грек-рим астрономы Птолемей белгілеген 48 шоқжұлдыздың, қазіргі анықталған 88 шоқжұлдыздың бірі болып, біз тұратын Құс жолы жүйесіне ең жақын тұмандық күйіндегі алып жұлдыздық жүйе шоғыры есептеледі. Ол грек мифологиясындағы Андромеда арудың атында аталады. Андоромеда шоқжұлдызы әдетте солтүстік жартышарда кеште ең жарық көрінетін жұлдызшоғыры болып Персей шоқжұлдызымен қатарласады.
Димаш Қытайдағы телебайқауда атағы шыққалы бері, әлемді дара талантымен тамсандырып жатыр. Әсіресе, оның өзі мен өнеріне ғашық болған қытай қыздары әлеуметтік желі арқылы қазақ баласына деген сағыныштарын да айқын көрсетуде. Біраз уақыт бұрын Димашқа арналған кітаптың да шыққанынан хабардар етіп, сондай-ақ, оның француздық жанкүйерлерін де таңғалдырғанын жазған болатынбыз. Ал жақында ғана талантты әншіні Елбасының өзі қабылдап, ақ батасын берді.