Түркістан облысында өзенге құлаған 16 жастағы қыз табылмай жатыр. Құрбыларымен Түркістан қаласынан 250 шақырым жердегі Қасқасуға барған Ақерке Сұлтанбек селфи жасамақ болғанда Сайрам-су өзеніне құлап кетті дейді куәгерлер. Тепе-теңдігін жоғалтып, тайып, өзі тұрған жиектен шығып кеткен. Күшті ағынмен ол тастардың арасында қысылып, шыға алмаған.
10-сыныпты бітірген қыздың табылмай жатқанына бүгін үшінші күн. Әуелде туыстарының өзі іздеп нәтиже шығара алмаған соң, құтқарушыларды тартқан. Қазір ағыны қатты өзен бойына ТЖ департаментінің 54 қызметкері, бір қайығы мен төрт арнайы техникасы жұмылдырылған. Іздестіру жұмыстарына бүгін полиция қызметкерлері мен олардың техникасы да қосылды.
«Жергілікті атқарушы органдардан, орман шаруашылығының қызметкерлері және де туысқандары көмектесіп жүр. Суға кеткен адамның денесі табылған жоқ. Іздестіру жалғасуда», – деді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Асхат Ержанов.
Тау өзеніне құлаған қызды құтқарушылар Сайрам-Су өзенінің арнасынан, жағалау сызығынан, сонымен қатар Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан іздеп жатыр.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына 37 қызметкер, 1 жүзу құралы және 4 бірлік Түркістан облысы ТЖД техникасы, 6 қызметкер және 3 бірлік Түркістан облысы полиция департаменті техникасы, жергілікті атқарушы органдардан 11 қызметкер жұмылдырылған», – делінген хабарламада.