Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Сейсмологтар Алматыдағы жер сілкінісі кезінде неліктен дабыл қағылмағанын түсіндірді

Таңғы жерасты дүмпуі еліміздің біраз өңіріндегі жұртты қобалжытты. Бұл жолы жер сілкінісі Алматы, Талдықорған және Жаркентте 4 балды, ал Өскенмен мен Қарағандыда 2 балды құраған. Құдай сақтап, өлім-жітім жоқ.

Ал магнитудасы 7 балға жеткен жер сілкінісінің кіндігі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 485 шақырым жерде, Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданында тіркеліпті. Алматы жұрты дүмпуді бірінші рет таңғы сағат 5 жарымдарда, сосын араға бір сағат салып екінші рет сезді. Сейсмологтар таулы аймақ үшін бұл қалыпты жағдай дегенді алға тартуда.

«3-4 балдық жер сілкінісі бізге қайырлы күн тілеумен бірдей дүние. Туғанынан Алматыда тұратындар бұған оянбайды да.

Біз барлығын білдік, халыққа қауіп төнбейтін болғандықтан дабыл қағылмайды. Мұндай зілзаланың күші нысандарды қиратуға жетпейді»,-дейді Сейсмология институтының директоры Әнуар Боранбаев.

Мамандар мұндай жер сілкінісі әзірге қайталанбайды деп сендіріп отыр. Ал Қытайда соңғы тәулік ішінде екі күшті дүмпу тіркелген. Оның артынан 40-қа жуық афтершок болыпты. Біріншісінің магнитудасы 7 балға жетсе, екіншісі 6,6 балл. Қазір Қытайдағы табиғат апатының салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылып, 40 мың адам қауіпсіз жерге шығарылды.

Мынау – зілзала болған сәтте түсірілген кадрлер. Үрейленген жұрт баспанасынан, кеңсе мен дүкендерден қашып шығуда. Олардың барлығы ғимартаттардың жер сілкінісіне төтеп берер-бермесін білмей, алысырақ кетуге асыққан.

Сичуань провинциясындағылар бүгінгі түнді көліктерінде немесе тігілген шатырларда өткізді. Ал таңның атысымен тура осындай зілзала елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң автономиясында қайталанған.

Ресми ақпарат бойынша екі жер сілкінісінен 19 адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақаттанған. Көз жұмғандардың ішінде Франция мен Канада азаматтары бар. 140 ғимарат толығымен қираса, мыңға жуығы қатты зардап шегіпті.

Жергілікті билік қара тізім толығуы мүмкін деп отыр. Себебі, зілзала эпицентрінде болған туристер тобынан әзірге дейін хабар жоқ. Құтқарушылардың күші жеткіліксіз болғандықтан, оларға көмекке әскерилер, полиция мен өрт сөндірушілер тартылған.

Көрші провинциялардан ауыз су, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек жеткізілуде. Апат аймақтарында тұратын жұрттың үйіне қашан оралатыны белгісіз. Себебі, Қытай сейсмологтары жер сілкінісі әлі де қайталануы мүмкін деп отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз