Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар 6 айдан бері ес-түссіз комада жатыр. Жағдайы мүшкіл сарбаздың қазіргі халі түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі сарбаздың қазіргі жағдайына байланысты мәлімдеме жасады.
Министрліктің мәлімдемесіне сүйенсек, сарбаз ата-анасының талабымен үйіне шығарылды.
«Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі ІІМ ұлттық ұланның әскери-медициналық басқармасымен бірлесіп, оның мүгедектігін тіркеуге көмек көрсетіп жатыр. Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан қолбасшылығы Бехтерев атындағы психиатрия және неврология ұлттық медициналық ғылыми орталығына, Киров әскери-медициналық академиясына және Ресей Федерациясының Поленов атындағы Ресей ғылыми-зерттеу нейрохирургиялық институтына, сондай-ақ кеңес беру және госпитализация мәселесін қарастыру үшін Түркия елшілігіне хат жолдады. Бұған қоса, «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу барысы ІІМ әскери тергеу департаменті басшылығының бақылауында», – деп мәлімдеді Ұлттық ұлан.
Сарбаздың мүддесін қорғайтын адвокат Инга Иманбай Ербаянға әлі мүгедек мәртебесі берілмеген, яғни оның отбасы мемлекеттен ешқандай өтемақы немесе жәрдемақы алмайтыны туралы желіде жазды.
«Ол комадан өзін жақсы сезінгені үшін емес, дәрігерлер оған тек қосымша күтім қажет, енді емделу қажет емес деген сылтаумен шығарды», – деп жазды Инга Иманбай.