Сағынтаевтың үкіметіне өндірушілерге емес, тұтынушыларға қолдау көрсеткен жөн.
28-қыркүйекте ҚР Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның тәуелсіз экономистерімен кездесті. Басқосу барысында Жарас Ахметов, Ғалым Құсайынов, Меруерт Махмұтова, Қанат Нұров, Рақым Ошақбаев сынды мамандар еліміздің заманауи экономикасын дамыту жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесудің қалай өткені туралы 365info.kz порталына Ғалым Құсайынов әңгімелеп берді.
Ғалым Құсайынов
— Менің ойымша,
бірінші мақсат – Бақытжан Сағынтаев үкіметінің халыққа ашық екенін көрсету
Жалпы, бір кездесу бойынша, үкіметтің экономиканы сауықтандыру бойынша балама жолдарды іздеуге қаншалықты мүдделі екенін кесіп айту қиын. Егер біз үкіметке кеңесші ретінде, шын мәнінде, қажет болсақ, онда болашақта мұндай кездесулер тағы ұйымдастырылатын болады.
— Сіздерге диалогтың жалғасатыны туралы айтты ма?
— Бүгінде көптеген мәселелерді, оның ішінде, экономикадағы қордаланып қалған дүниелерді шешу үшін тың ақыл-кеңес қажет. «Атамекен» Ұлттық палатасының өкілдері (кездесудің ұйымдастырушысы) бізді
барлық сараптамалық ұсыныстар ажырамас топқа біріктіріліп, экомомикалық саясат жөніндегі кеңестің қарауына ұсынылады деп сендірді.
— Үкімет балама кеңестерге қаншалықты «құлақ асады» деген пікірдесіз? Өйткені, кездесуге қатысқан көптеген экономистер бұрынғы министрлер кабинетінің қызметін қатаң сынға алып, «абыройын айрандай төкті» емес пе…
— Осы орайда, «Ұра берсе, құдай да өледі» деген мақал орынды деп ойлаймын. Егер біз бірге болып, сөзіміз бен ісіміз бір болса, нәтиже болады деп ойлаймын. Қазір үкімет біздің сөзімізге құлақ аса бастаған сыңайлы. Мәселен, ипотекалық несиелер бойынша ставкаларға субсидия бөлу туралы шешім қабылданды.
— Сіздер үкіметке қандай ақыл айттыңыздар?
— Бүгін өндірушілерді қолдаудан тұтынуды қолдауға көшу қажет. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашып,
кәсіпкерлерге табыс табуға мүмкіндік жасап, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердегі еңбекақыны көтеру қажет
Даму институттары арқылы экономикаға бағытталған ақшаны экономикаға басқа жағынан салып, ұқсатқан жөн.
Сұраныстың артуы ұсынысты ынталандырады. Сонда өндіруші тұтынушы үшін таласатын болады, ал бұл, өз кезегінде, экономиканың дамуына түрткі болады. Бұл ақшаны өндірушіге бере бергеннен дұрыс болады. Мұндай әдіс әлемде бұрыннан пайдаланылады.
— Тағы бір сұрақ. Қазір қазынаны толықтыру мақсатында салық жинау үшін өзін өзі асырап отырғандарды ұсақ кәсіпкерлермен теңестіру керек деген әңгіме айтылуда. Сіз бұған қалай қарайсыз?
— Қазір бұл санаттағы кәсіпкерлерге мүлдем тиісуге болмайды.
Өзін өзі асырайтындарға әкімшілік жасау — орындалмайтын дүние. Ол үшін салық жинайтын аппаратты ұлғайту қажет, бұлай болған жағдайда жиналған салық жұмсалған шығынды ақтамайды.
Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Керісінше — өзін өзі асырайтындар мен жеке кәсіпкерлерге көбірек жеңілдіктер жасаған жөн. Сонда халықтың еңбекпен қамтылу деңгейі көтеріледі. Ал елдің еңбекпен қамтылуы – сол баяғы біз айтқан сұраныс мәселесі.
Дереккөзі: 365info.kz