Ақтөбе облысының әкімі аймақтағы басшылық қызметке сырттан адам алдырғанды қалайды. Дегенмен мұны Бердібек Сапарбаев жершілдікке балап отырған жоқ, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Онсыз да газет пен теледидар бетінен түспейтін Сапарбаев бүгін Астанаға келіп 9 айдағы жұмысына есеп берген. Жетістігімен мақтанған әкім әдеттегідей сөзден сүрінген жоқ. Тек қызметтік командаға қатысты сауалға келгенде жалпылама жауап беріп қоя салды. Негізі Елбасы үш жыл бұрын әкім ауысса артынан көшіп жүретіндерге тыйым салған еді. Мемлекеттік қызметшілер туралы заңға сәйкес, әкім тек көмекшісі мен баспасөз хатшысын және кеңесшісін ертуге рұқсат.
“Ақтөбенің кадрлері жұмыс істей алмайды деп айта алмаймыз. Бізге берілген тапсырма бар. Жаңа айттым ғой. Ең бірінші экономиканы дамыту керек. Сол арқылы халықтың тұрмысын жақсартуымыз керек. Сол үшін қолынан іс келетін кісілерді тағайындауымыз керек. Менің орынбасарларымның арасында ақтөбеліктер бар. Департамент бастықтары да жергілікті адамдар”, – дейді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.