Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Салық органдары қазақстандықтардың қалтасын қарап отыра ма?

Біз осы жаңалықтың кейбір қызық қырларын анықтадық. 2016 жылғы 8-шілдеде қол қойылған, біз сөз етіп отырған бұйрық банктердің салық органдарына беретін есеп-қисабының нысанын бекіткен. Бұйрықтың атауы да екі ұшты емес, біржақты: «Жеке тұлғаларда банк есепшоттары бар-жоғы және олардың номерлері, оларда қалған ақша мен оның қозғалысы және сол тұлғаларға берілген несиелер туралы мәліметтерді берудің нысанын бекіту туралы».

Бұйрықтың мәтінінде оның орындалуының кімге қатысты болатыны нақтыланған:

  • несиесі бар тексерілетін жеке тұлға;
  • активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруге міндетті жеке тұлғалар.

Яғни, бір жағынан қарағанда, uchet.kz сайтындағы жаңалық барлық елге қатысты емес сыңайлы.

Барлығын бір өлшеммен бе?

Банктер туралы заңның 50-бабына назар аударайық — есеп-шоттар және несие туралы мәліметтерді кімге және қандай жағдайда ашуға болады?

  • банк таратылған жағдайда несие бойынша;
  • жеке кәсіпкер, жеке нотариус және сот орындаушысы, адвокаттардың, кәсіби медиатор болып табылатын жеке тұлғалардың есеп-шоттары бойынша. Оның өзінде, тек салық органдарына және тек салық төлеудің толықтығын тексеру мақсатында;
  • егер банк барлық банк операцияларын жүргізу құқығынан айырылса, жеке тұлғалардың банктегі есеп-шоттарында қалған ақша мен банк және (немесе) уақытша әкімшілік оларға есептеген сыйақылар бойынша. Бұл мәліметтер де депозиттерді міндетті кепілдендіру қорына, сондай-ақ салымшыларға олардың ақшасын қайтаратын банктерге ашылуы мүмкін. Оның өзінде — тек салымшының жазбаша рұқсатымен ғана.

Ал Салық кодексінің 581-бабы не дейді? Өйткені бұл құжаттардың барлығы осы бапты орындау үшін пайда болды ғой.

Онда банктің жеке кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғалар, президенттікке және депутаттыққа үміткерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары, мемлекеттік қызметкерлер мен бас бостандығынан айыру жерлерінен мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққандар бойынша салық органдарына ақпарат беріп тұратындығы айтылған.

Осы орайда, 8-шілдеде қаржы министрінің міндетін уақытша орындаушы қол қойған «Жеке тұлғаларда банк есепшоттары бар-жоғы және олардың номерлері, оларда қалған ақша мен оның қозғалысы және сол тұлғаларға берілген несиелер туралы мәліметтерді берудің нысанын бекіту туралы» бұйрықтың атауын қалай пайымдауға болады? Өйткені, ол еш шектеусіз барлық жеке тұлғалар туралы айтып тұр ғой.

Жаппай тексеру

Петр Своик, сурет time.kz сайтынан алынды

Оны қалай түсінуге болатынын бізге экономист Петр Своик айтып берді.

— Мен салық органдары үшін қазақстандықтардың банктегі есеп-шоттарының орын алғалы тұрған ашықтығы туралы ақпаратқа тап болған және оның қолданыстағы заңдылыққа сәйкестігін тексерген журналист өзіндік сенсация жасады деп есептеймін, — дейді сөзін сабақтаған сарапшы. — Енді қаржы министрлігіне бұл сенсацияны жедел түде өзінің сенімді ақпаратымен сейілту керек, немесе… Мұндай жағдайда үнсіз қалу – келісуді білдіретінін ұмытпаған жөн.

Керісінше болған жағдайда, онсыз да беделі соншалықты жоғары емес банктердің халық сенімінен мүлдем айырылуы ғажап емес.

Өйткені, қазіргідей жуанның жіңішкерген, жіңішкенің үзілер шағында, ендігі жетпегені фискалдық органдардың кез келген сәтте қалтаңызда қанша қаржы қалғанын біліп отыратыны.

Шын мәнінде, әзірге елімізде банк құпиясын ешкім жоққа шығарған жоқ, бұл орайда ұлттық заңнама (әлемдегі ең үздік үлгілерден көшірілген) барлық кепілдіктерді сақтап отыр. Атап айтарлығы, банк туралы заңнан келтірілген бап салымшылардың құқығын қорғауды қарастырады және мәліметтерді тек олардың келісімі ғана бойынша ашады.

Ал қаржы министрінің бұйрығы біздің түсінігімізде банктер фискалдық ведомство бекіткен нысанды алғаннан кейін барлық салымшылар бойынша мәліметтер беруге мәжбүр болады дегенді білдіреді. Әлбетте, министрдің міндетін атқарушының ғана емес, сонымен қатар, тіпті, министрдің өзінің бұйрығы тек ішкі ведомстволық күшке ие, яғни, ол банктер үшін орындауға міндетті бұйрық емес. Бірақ… кім білсін.

Оның үстіне, үкіметтің жаппай декларациялауды қанша кейінге шегерсе де, одан мүлдем бас тартпайды (ол жоғары лауазымды шекпенділер мен бай-манаптарға ұнамайтын декларациялауды кейінге қалтырып, оның мәнін жоғалтуға үміттенуде). Ендеше, қаржы министрінің бұйрығын бүкіл халықтың қалтасын жаппай „тексеріп отыруға„ дайындық ретінде пайымдауға болады.

Қысқасы, қаржы министрлігінің түсініктемесін күтейік.

Дереккөз: 365info.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз