Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Айтбек Амангелдінің Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығынды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша істі қарады.
Астана қалалық сотының хабарлауынша, талаптар талап қоюшының қарындасын өлтіргені үшін жауапкер кінәлі деп танылған заңды күшіне енген айыптау үкіміне уәжделген. Ағасы қайғылы оқиға салдарынан моральдық азап шеккенін, денсаулығының нашарлағанын және қайғылы оқиғаға байланысты еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанын көрсеткен. Марқұмның ата-анасы талап қоюшының пайдасына өндіруден бас тартқан. Талап қоюда қылмыстық іс аясында заң қызметтеріне төлеуге кеткен шығындар да талап етілді. ҚПК-нің 166-бабының 3-бөлігіне сәйкес, азаматтық талап қылмыстық сот ісін жүргізу кезінде қараусыз қалдырылған жағдайда, талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қойылуы мүмкін.
“Сот парасаттылық пен әділдік қағидаттарын негізге алып, жақын туысының қайтыс болуы талап қоюшы Айтбек Амангелдінің моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандырды. Қуандық Бишімбаевтан қылмыстық іс бойынша келтірілген 6 877 672 теңге материалдық шығын мен 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді”, – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.